Түркістан облысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі көрсеткіштердің бірі – өзіндік кірістердің тұрақты өсуі қамтамасыз етілді. Жыл қорытындысымен облыстың өзіндік кірістер жоспары 109 пайызға орындалып, бюджетке 301 млрд теңге нақты түсім түсті. Бұл бекітілген жоспардан 25,6 млрд теңгеге артық, яғни өңір экономикасының нақты өсімін айғақтайды.
Өзіндік кірістер құрылымында негізгі үлес салықтық түсімдерге тиесілі. Атап айтқанда, 2025 жылы салықтық түсімдер жоспары 107 пайызға орындалып, бюджетке 247,1 млрд теңге кіріс түсті. Бұл көрсеткіш жоспардан 16,8 млрд теңгеге артық. Мұндай нәтижелер өңірде экономикалық белсенділіктің артып, кәсіпкерлік пен өндіріс саласының дамып келе жатқанын көрсетеді.
Бюджеттің атқарылуы, кіріс көздерін ұлғайту және алдағы кезеңге арналған басымдықтар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында кеңінен талқыланды. Өңір басшысы облыс экономикасының негізгі тірек бағыттары ретінде инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және тұрақты жұмыс орындарын көбейту арқылы өзіндік кірістерді арттыру міндетін айқындады.
– 2025 жылдың қорытындысымен жалпы кірістер мен салықтық түсімдер жоспары орындалғанымен, бірқатар аудандарда жоспар көрсеткіштері толық қамтамасыз етілмеген. Сондай-ақ корпоративтік табыс салығы бойынша да жүйелі жұмыс қажет. Бюджет кірістерінің әрбір көзін сапалы орындау, қаражатты уақытылы әрі тиімді игеру – басты талап. Өзіндік кіріс көздерін ұлғайту үшін инвестиция тарту мен өндірісті дамыту жұмыстарын күшейту қажет, – деді облыс әкімі.
Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының мәліметінше, 2025 жылы өзіндік кірістердің өсу қарқыны 119 пайызды құрап, 2024 жылмен салыстырғанда түсімдер 48 млрд теңгеге артқан (2024 жылы – 253,1 млрд теңге, 2025 жылы – 301 млрд теңге). Бұл – облыстың қаржылық дербестігі күшейіп, бюджет тұрақтылығының артқанын білдіреді.
Сонымен қатар облыстық бюджеттің орындалуы да оң динамика көрсетіп отыр. Жоспар 109 пайызға орындалып, нақты түсім 140,8 млрд теңгеге жетті. Бұл бекітілген жоспардан 11,3 млрд теңгеге артық, ал өткен жылмен салыстырғанда облыстық бюджет кірістері 24 пайызға немесе 27 млрд теңгеге өскен.
Әсіресе корпоративтік табыс салығы бойынша оң өзгерістер байқалады. 2025 жылы 5 454 корпоративтік табыс салығын төлеуші кәсіпорын есебінен түсімдер 18 млрд теңгеге артып, жалпы көлемі 47,5 млрд теңгеге жеткен. Бұл өңірде бизнес субъектілерінің саны мен экономикалық белсенділігінің артқанын, инвестициялық жобалардың нақты нәтиже беріп отырғанын көрсетеді.
Жалпы алғанда, 2025 жылғы бюджеттік көрсеткіштер Түркістан облысында экономикалық өсімнің сақталғанын, қаржылық тұрақтылықтың нығайғанын және әлеуметтік міндеттемелерді толық орындауға мүмкіндік беретін сенімді негіз қалыптасқанын айқындайды. Алдағы кезеңде облыста инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын одан әрі күшейту көзделіп отыр.

