Түркістан облысында жалпы өңірлік өнім көлемін арттыруға бағытталған жүйелі әрі ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Өңір экономикасын әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын құру, халықтың табысын арттыру және кіріс көздерін ұлғайту – аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының басты басымдықтарына айналған.
2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларының қорытындысы бойынша Түркістан облысының жалпы өңірлік өнім көлемі 3 585,8 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің нақты көлем индексі 110,1% болып, өңір экономикасында тұрақты өсім қалыптасқанын айқын көрсетеді. Сонымен қатар, жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 1 667,0 мың теңгеге жетіп, экономикалық белсенділіктің артқанын дәлелдеді.
Өңірлік өнім құрылымына талдау жасау экономиканың негізгі драйверлері айқындалғанын көрсетеді. Атап айтқанда, ауыл, орман және балық шаруашылығы саласының үлесі 495,3 млрд теңгені құрап, аграрлық сектордың облыс экономикасындағы жетекші рөлін сақтап отырғанын аңғартады. Өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі 567,6 млрд теңгеге жетсе, көтерме және бөлшек сауда көлемі 195,8 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар, жылжымайтын мүлікпен операциялар саласы 417,3 млрд теңге, көлік және қойма шаруашылығы 334,9 млрд теңге, білім беру саласы 545,2 млрд теңге, ал құрылыс саласы 306,7 млрд теңге деңгейінде қалыптасып, өңір экономикасының көпсалалы сипатқа ие екенін көрсетті. Бұл көрсеткіштер Түркістан облысында өндірістік, сервистік және әлеуметтік секторлардың теңгерімді дамып келе жатқанын дәлелдейді.
Экономикалық өсімнің қарқыны қысқа мерзімді экономикалық индикаторлармен де нақтыланып отыр. 2025 жылғы қараша айындағы қысқа мерзімді экономикалық индикатор 113,9%-ды құрап, облыстағы экономикалық белсенділіктің айтарлықтай артқанын көрсетті.
Өнеркәсіп саласында да оң серпін байқалады. 2025 жылы өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 1 596,0 млрд теңгені құрады. Бұл – 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 113,8% деген сөз. Әсіресе, тау-кен өндіру саласында өндірілген өнім көлемі 715,7 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 113,8% деңгейінде қалыптасты.
Ал өңдеу өнеркәсібі экономиканың жоғары қосылған құн қалыптастыратын саласы ретінде қарқынды дамып келеді. Бұл салада нақты көлем индексі 114,7% болып, өндірілген өнім көлемі 770,7 млрд теңгені құрады. Мұндай көрсеткіштер өңірде өнеркәсіпті технологиялық жаңғырту, инвестициялық жобаларды іске асыру және өңдеу секторын кеңейту бағытындағы жұмыстардың нәтижелі екенін аңғартады.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында қол жеткізілген бұл көрсеткіштер экономиканы әртараптандыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың тиімділігін, инвестициялық ахуалдың жақсарып келе жатқанын және өңірдің ұзақ мерзімді тұрақты дамуына берік негіз қаланғанын көрсетеді. Алдағы кезеңде де облыстың экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасын табады.

