Түркістан облысында халықты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жоғары қарқынмен жалғасып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров баяндап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі басымдықтар мен атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелерін таныстырды. Әкімнің айтуынша, Мемлекет басшысы ауылды дамыту мәселесіне ерекше назар аударғандықтан, Түркістан облысында халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін ауқымды бастамалар жүйелі түрде жүзеге асуда. Өңір халқының 75 пайызы ауылдық жерлерде тұратындықтан, ауыз су, газ, электр және жол инфрақұрылымын жақсарту — күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе.
Бүгінде облыста 2,1 миллионнан астам тұрғын ауыз сумен қамтамасыз етілген, бұл жалпы халықтың 98,5 пайызын құрайды. 763 елді мекен сапалы ауыз суға толық қосылған. Биылдың өзінде қосымша 30 елді мекенде жаңа ауыз су жүйесі іске қосылады, ал 11 елді мекенде тозған су құбырлары толық жаңартылуда. Осы жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына дейін облыс ауыз сумен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, суды кестемен пайдаланатын 192 елді мекеннің мәселесін шешу үшін үш жылға арналған жоспар бекітіліп, кезең-кезеңімен толық шешу көзделген.
Табиғи газбен қамту ісі де аймақта қарқынды жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда 1 миллион 834 мың адам немесе 563 елді мекен табиғи газға қосылған, бұл жалпы қамту деңгейінің 85,5 пайыз екенін көрсетеді. Биылғы жылы қосымша 37 елді мекенге газ құбыры тартылып жатыр. Жыл соңына қарай газбен қамтылған халық саны 1 миллион 900 мың адамға жетіп, қамту деңгейі 88,9 пайызға дейін көтеріледі. Осылайша, газбен қамтамасыз етілген елді мекендердің саны 600-ге жетеді.
Электр желілерін жаңғырту бағытында да біраз жұмыс атқарылды. Соңғы екі жылда облыс бойынша 66 елді мекеннің электр жүйелері толық жаңартылып, тұрғындар сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыс апаттық жағдайларды азайтып, ауылдардағы энергетикалық тұрақтылықты күшейтуге мүмкіндік берді.
Жол инфрақұрылымы — халықтың күнделікті тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды сала. Осы бағытта да облыста ауқымды жұмыстар істелуде. Биыл 289 нысан немесе 1 236 шақырым жолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 951,4 шақырым жол пайдалануға беріліп, жолдардың нормативке сай үлесі 94,7 пайызға жеткізіледі деп жоспарлануда. Бұл ауыл мен қала арасындағы қатынасты жақсартып, өңірдің экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етеді.
Түркістан облысында атқарылып жатқан осы инфрақұрылымдық жобалар өңірдің даму қарқынын айқындап, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі болып отыр. Ауыз су, газ, электр және жол салалары бойынша қолға алынған шаралар алдағы жылдары да жалғасын тауып, Түркістан облысын еліміздегі ең дамыған аймақтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
