ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АГРАРЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛЫП, ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛУДЕ

Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Төрткөл ауылдық округіндегі «ТӨРТКҮЛ-ҚҰС» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде халықаралық маңызы бар ірі аграрлық жоба іске асырылуда. Жоба өңірдегі құс шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге және әлемдік озық тәжірибені жергілікті өндіріс үдерісіне енгізуге бағытталған.

▪️ Жобаны жүзеге асыру шеңберінде Senior Experten Service (SES) халықаралық бағдарламасы арқылы Германиядан жоғары білікті аграрлық сарапшы Эберхард Вестхаузер арнайы шақырылды. Ол жергілікті кәсіпкерлерге әлемдік тәжірибені өндіріс орнында меңгеруге мүмкіндік береді.

▪️ «TÚRKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жобаның үйлестіру жұмыстарын жүргізіп, шетелдік сарапшыны тартуға және қажетті құжаттарды рәсімдеуге атсалысты. Орталық басшысы Берік Кенжебаев жобаның стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, өңір кәсіпкерлеріне халықаралық бағдарламаларға қатысу, өндірісті кеңейту және бизнес бастау бағытында жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

▪️ «ТӨРТКҮЛ-ҚҰС» кооперативі 2023 жылдан бері бройлер тауықтарын өсіру, өндіру және қайта өңдеу саласында тұрақты жұмыс істейді. Кәсіпорын жергілікті шикізатқа сүйене отырып, COBB-500 тұқымды тәуліктік балапандарды отандық жем-шөппен азықтандырады. Қазіргі уақытта 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

▪️ SES сарапшысының тәжірибесін пайдалана отырып, кәсіпорын бірқатар стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруды жоспарлап отыр:

тәуліктік балапандардың өміршеңдігін арттыру;

100% қалдықсыз өндіріс жүйесін енгізу (қауырсын, көң және ішкі ағзаларды толық өңдеу);

жылдық өндіріс көлемін 800 тоннаға дейін ұлғайту;

өнімнің өзіндік құнын төмендету;

болашақта экспорттық нарықтарға шығу мүмкіндіктерін қарастыру.

▪️ Эберхард Вестхаузер екі апта бойы кәсіпорында жұмыс істеп, өндірістік үдерістерді зерделеп, құс шаруашылығын дамыту бойынша кәсіби кеңестер береді. Маман халықаралық деңгейде танылған, мал және құс шаруашылығында тәжірибесі мол, SES бағдарламасы аясында 17-ден астам халықаралық жобада жұмыс істеген.

▪️ Жоба Түркістан облысының агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, өңірді отандық және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін аймақ ретінде қалыптастыруға ықпал етеді.