Түркістан облысында өнеркәсіп саласын әртараптандыру, инвестиция тарту және табиғи ресурстарды тиімді игеру бағытындағы жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарының біріне айналды. Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа өндірістерді іске қосу және тұрақты жұмыс орындарын құру жөніндегі тапсырмалары аясында облыстың өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Өңірде құрылыс индустриясын дамытуға, жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға және өндіріс көлемін ұлғайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы маңызды жобалардың бірі Бәйдібек ауданында қолға алынған мәрмәр (мрамор) тасын өндіру және өңдеу өндірісі болып табылады.
Көктерек ауылдық округіне қарасты Кеңестөбе аумағында жүзеге асырылатын жоба өңірдің минералдық-шикізат қорын тиімді игеруге, құрылыс материалдары өндірісін дамытуға және жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру аясында геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, кен орнының өндірістік әлеуеті жан-жақты зерделенді.
Қазіргі таңда «Кеңестөбе» кен орнының шекарасы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің «Оңтүстікқазжерқойнауы» өңіраралық геология департаментімен бекітілген қорлар негізінде келісіліп, өндірісті ұйымдастыруға қажетті құқықтық және техникалық рәсімдер кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Сонымен қатар жобаға қатысты қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ескерілді. Бұл өндірісті іске асыру барысында ашықтық пен қоғамдық келісім қағидаттарының сақталғанын көрсетеді.
Инвестициялық жобаны жүзеге асырушы «Рамирта» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінгі таңда анықталған 2 гектар аумақта өндірістік жұмыстарды бастап, мәрмәр тасын өндіру және оны өңдеу бағытындағы өндірістік инфрақұрылымды қалыптастыруда. Алдағы уақытта өндіріс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту, заманауи технологияларды енгізу және дайын өнім шығаруды жолға қою жоспарланып отыр.
Мәрмәр өндірісінің іске қосылуы құрылыс материалдары нарығын сапалы жергілікті өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірдегі құрылыс индустриясының дамуына серпін беріп, импортқа тәуелділікті төмендетуге және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Жергілікті шикізатты өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім шығару өндірістің тиімділігін арттырып, экономиканың нақты секторын дамытуға жол ашады.
Мұндай өндірістік жобалардың жүзеге асуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына, салық түсімдерінің артуына және көлік-логистика, қызмет көрсету сияқты сабақтас салалардың жандануына оң әсер етеді. Бұл өз кезегінде ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, Түркістан облысында табиғи ресурстарды тиімді игеруге және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсімінің маңызды тетігіне айналып отыр. Жергілікті шикізатты терең өңдеу, жаңа өндіріс орындарын іске қосу және заманауи технологияларды енгізу арқылы облыстың өнеркәсіптік әлеуеті нығайып, инвестициялық тартымдылығы артып келеді. Бұл бастамалар өңір экономикасын әртараптандыруға, тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және Түркістан облысының ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалыптастыруға қызмет етеді.

