ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛЫП, ЖАҢА ӨНДІРІСТІК ЖОБАЛАРҒА ЖОЛ АШЫЛУДА

Түркістан облысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету, өндіріс көлемін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта облыс әкімі Нұралхан Көшеров SP ООО «ZHONGTIAN CHEMICAL» компаниясының өкілдерімен кездесіп, Қазығұрт ауданында жүзеге асырылуы жоспарланған инвестициялық жобаның негізгі бағыттарын талқылады.

Кездесу барысында инвесторлар өндірістік жобаның тұжырымдамасын таныстырып, кәсіпорынды орналастыру, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жер телімін айқындау және жобаны іске асырудың ұйымдастырушылық мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ өңірдегі қолайлы инвестициялық ахуал мен мемлекеттік қолдау тетіктері сөз болды.

Облыс әкімі Түркістан өңірінде инвестициялық жобаларды қолдау басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, өндіріс орындарын ашуға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Бұл жұмыстар өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысында инвесторларға Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті мен өндірістік мүмкіндіктері таныстырылып, жобаны тиімді іске асырудың тетіктері жан-жақты пысықталды. Алдағы уақытта бастамаға кешенді талдау жүргізіліп, оны жүзеге асыру бойынша нақты шешімдер қабылданатын болады.

Жалпы, Түркістан облысында инвестиция тарту жұмыстары тұрақты оң нәтижесін көрсетіп келеді. Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша өңір экономикасына 614,2 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 150,5 пайызды құрады.

Өңірдің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында 2026–2029 жылдарға арналған 122 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылған. Аталған жобалар толық іске асқанда 17 820 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Сонымен қатар шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 608,9 млрд теңгені құрайтын 30 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жобалардың нәтижесінде өңірде 7 799 тұрақты жұмыс орны құрылып, өндіріс көлемінің ұлғаюына, экспорттық әлеуеттің артуына және Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңіне жол ашылады.