ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢҒЫРТЫЛЫП, АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ӨМІР САПАСЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық елді мекендердің инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекет басшысының өңірлерді кешенді дамыту және халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру жөніндегі тапсырмалары аясында облыста жол желісін жаңғыртуға, көлік қатынасының қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға басымдық беріліп келеді.

Осы бағыттағы жұмыстардың бірі Бәйдібек ауданында жүзеге асырылуда. Ауданның Боралдай ауылдық округіне қарасты Теректі ауылындағы Ақшоқы көшесіне алғаш рет асфальт-бетон жабынын төсеу жұмыстары басталды. Бұған дейін бұл көшеде қатқыл жабын болмағандықтан, тұрғындар әсіресе көктемгі және күзгі мезгілдерде қатынауда бірқатар қиындықтарға тап болып келген. Қазіргі таңда жол құрылысы белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп, жобаны «Мақтаралдорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда.

Жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары бір ғана Теректі ауылымен шектелмейді. Өткен жылы Боралдай елді мекеніндегі Шымкент көшесі толықтай асфальтталып, тұрғындардың игілігіне берілген болатын. Ал алдағы кезеңде Қаратас ауылындағы Қаратау көшесіне де асфальт төсеу жоспарланып отыр. Бұл жобалардың барлығы облыстық бюджет есебінен қаржыландырылып, ауыл тұрғындарының көлік қатынасын жақсартуға бағытталған.

Ауылішілік жолдардың сапалы болуы – тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігіне және экономикалық белсенділігіне тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Жаңартылған көшелер көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да әлеуметтік нысандарға қатынауды жеңілдетеді. Сонымен қатар кәсіпкерліктің дамуына, жүк және жолаушылар тасымалының тиімділігіне оң ықпал етеді.

Бүгінде Түркістан облысында жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарының бірі ретінде жүзеге асырылуда. Елді мекендердегі жолдардың кезең-кезеңімен жөнделуі мен жаңадан салынуы ауылдардың келбетін жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге және халықтың әл-ауқатын көтеруге мүмкіндік беріп отыр.

Инфрақұрылымды дамытуға бағытталған мұндай жобалар Түркістан облысының орнықты әлеуметтік-экономикалық өсімін қамтамасыз етіп, ауылдық аумақтарды кешенді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді.