Түркістан облысының Шолаққорған ауылында өндірістік бағыттағы жаңа тігін цехының ашылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды жобалардың бірі болды. Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы ауылдық жерлерде өндірісті дамыту, экономиканы әртараптандыру және халықты тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы нақты қадамдардың көрінісі. Салтанатты шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, жобаның маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, кәсіпкерлікті дамыту – өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі. Бұл бағыт Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған экономикалық саясатпен үндесіп, шағын және орта бизнесті қолдау арқылы жүзеге асуда. Жобаның бастамашысы – Созақ груп ЖШС. Серіктестік төрағасы Абылай Октябров кәсіпорынның негізгі мақсаты – жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту және өңірде өндірістік әлеуетті арттыру екенін атап өтті. Жаңа өндіріс орнында арнайы киімдер, тұрмыстық қолғаптар, шұлықтар мен жұмыс аяқ киімдері шығарылады. Кәсіпорын жылына 876 мың дана қолғап, 25 мың дана арнайы киім, 25 мың дана шұлық, 10 мың дана жұмыс аяқ киімі және 5 мың дана арнайы жамылғы өндіруге қауқарлы. Жобаның жалпы құны 250 млн теңгені құрап, толықтай жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылған. Қазіргі таңда кәсіпорында 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Бұл – ауыл тұрғындарының табысын арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін маңызды фактор. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Салтанатты ашылу барысында ауданның Құрметті азаматы Бүркіт Арынбеков батасын беріп, жаңа бастамаға сәттілік тіледі. Шараға қатысқан ауыл тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері кәсіпорынның жұмысымен танысып, алғашқы өнімдерді жоғары бағалады. Жалпы, мұндай өндірістік жобалардың іске асуы Түркістан облысында шағын және орта бизнестің дамуына, инвестициялық белсенділіктің артуына және өңір экономикасының тұрақты өсіміне оң ықпал етуде.
