Түркістан облысында халықтың өмір сүру сапасын арттыру, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және ауылдық елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекет басшысының өңірлердің инфрақұрылымын дамыту және тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметтермен қамту жөніндегі тапсырмалары аясында облыста газдандыру жобалары кезең-кезеңімен іске асырылып, ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Осы бағыттағы кезекті маңызды жоба Бәйдібек ауданында жүзеге асырылып, Алмалы ауылдық округіне қарасты Алмалы елді мекені табиғи газ жүйесіне қосылды. Көгілдір отынның берілуі ауыл тұрғындарының көптен күткен мәселесінің шешімін тауып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудағы маңызды кезеңдердің біріне айналды.
Газдандыру жобасы аясында ұзындығы 9,02 шақырым болатын газ құбыры тартылып, тұрғын үйлерді табиғи газға қосуға толық мүмкіндік жасалды. Жобаны «KazBulidCo» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Нәтижесінде Бәйдібек ауданындағы 50 елді мекеннің 41-і табиғи газбен қамтылып, бұл көрсеткіш елді мекендер бойынша 82 пайызға жетті. Ал аудан халқының 48 221 тұрғынының 44 486-сы немесе 92,3 пайызы көгілдір отын игілігін пайдалану мүмкіндігіне ие болды.
Бүгінде ауданда газдандыру жұмыстары қарқынды жалғасуда. Атап айтқанда, Қаратас, Тұрақты, Қошқарата, Кеңсай, Ақтас және Шұқыршақ елді мекендерінде газ құбырларын тарту құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар толық аяқталғаннан кейін Бәйдібек ауданын табиғи газбен 100 пайыз қамту жоспарланып отыр.
Табиғи газдың қолжетімді болуы тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, қатты отынға тәуелділікті азайтуға, экологиялық ахуалды жақсартуға және коммуналдық шығындарды төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар әлеуметтік нысандар мен кәсіпкерлік субъектілерінің тұрақты жұмыс істеуіне қолайлы жағдай қалыптасып, жаңа өндірістер мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндік туады.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсімінің маңызды көрсеткіштерінің бірі болып саналады. Газдандыру деңгейінің артуы ауылдық аумақтардың инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың әл-ауқатының жақсаруына оң әсер етеді.
Түркістан облысында газ инфрақұрылымын кеңейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, барлық елді мекендерді сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз етуге басымдық беріледі. Бұл өз кезегінде өңірдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне және ауылдардың заманауи инфрақұрылыммен толық қамтылуына берік негіз қалайды.

