Түркістан облысында ел болашағын айқындайтын маңызды бағыттардың бірі – білім беру саласы қарқынды дамып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде заманауи талаптарға сай жаңа оқу орындары ашылып, балалардың сапалы білім алуына кең мүмкіндік жасалуда. Бүгін Келес ауданының Абай ауылында 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл – аудан үшін ғана емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ұстаздар мен оқушыларды қуанышты сәтпен құттықтады. Өңір басшысы өз сөзінде білім саласына салынған әрбір инвестиция – мемлекеттің болашағына салынған берік іргетас екенін атап өтті: «Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – ел болашағына жасалған маңызды инвестиция. Республика көлемінде салынатын 217 мектептің 29-ы, яғни 13 пайызы біздің облыс үлесіне тиесілі. Өткен оқу жылында 13 мектеп пайдалануға берілсе, биыл тағы 16 мектепті тапсыру көзделіп отыр. Келес ауданында бұл – үшінші жаңа мектеп. Мұндай игі істер ел рухын көтеріп, жас ұрпаққа сенім ұялатады», – деді облыс әкімі. Жаңа мектеп – соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген заманауи оқу орталығы. Мұнда спорт және мәдениет залдары, коворкинг алаңы, кітапхана, мәжіліс залы, зертханалар мен шеберханалар бар. Сондай-ақ оқушылардың салауатты өмір салтын ұстануы үшін ашық футбол алаңы қарастырылған. Ата-аналар мен ауыл тұрғындары жаңа мектептің кеңдігі мен ыңғайлы жағдайына риза екендерін білдірді. Ал оқушылар облыс әкімімен кездесіп, өздерінің армандары мен алдағы жоспарларымен бөлісті. Түркістан облысы соңғы жылдары демографиялық өсім мен жаңа қоныстардың көбеюіне байланысты білім инфрақұрылымын жаңартуға басымдық беріп отыр. «Келешек мектептері» жобасы осы бағыттағы ең өзекті мәселелердің бірі – үш ауысымды және апатты мектептерді жоюға мүмкіндік бермек. Бүгінде өңірде жалпы саны 29 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. 2024 жылы олардың 13-і пайдалануға берілсе, биыл тағы 10-нан астам білім ошағының есігі айқара ашылды. Жыл соңына дейін 5 жаңа мектеп іске қосылып, жоспар толық орындалмақ.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
