Түркістан облысы өңірінде инвестициялық белсенділік артып келеді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2026–2029 жылдарға арналған өңірлік инвестициялық жобалар пулы қайта қаралып, жаңадан қалыптастырылды. Нәтижесінде құны 500 млн теңгеден асатын, жалпы сомасы 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 жобадан тұратын ауқымды пул жасақталды.
Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде қаралды.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Оның мәліметінше, 2026 жылы жалпы құны 369,4 млрд теңгені құрайтын 67 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар нәтижесінде 5 894 жаңа жұмыс орны ашылады.
Инвестициялық штаб отырыстарында жобаларды жүзеге асыру барысындағы өзекті мәселелер тұрақты қаралып, тиісті шешімдер қабылдануда. Сонымен қатар өңірге жаңа инвестициялар тарту және инвесторлармен келіссөздер жүргізу жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді.
Облыста барлық аудан мен қалаларда өндірістік парктердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар өңір экономикасын әртараптандыруға және жаңа өндірістерді іске қосуға мүмкіндік беруде.
Облыс басшысы Нұралхан Көшеров құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтауды қатаң тапсырды:
«Жобалардың мерзімінде іске қосылуын қамтамасыз ету керек. Тапсырмаға салғырт қараған басшыларға тиісті шаралар қолданылады», – деді әкім.
Қазіргі таңда:
Сауран ауданындағы 7 ауылдық округте 124 өндірістік ғимараттың құрылысы жүріп жатыр;
Жетісай ауданында парк құрылысы аяқталып, инфрақұрылым тартылуда;
Ордабасы ауданы мен Арыс қаласында құрылыс толық аяқталған;
Түркістан қаласы мен Шардара ауданында жұмыстар соңғы кезеңге жеткен;
Қазығұрт ауданында нысандарды әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар Түлкібас ауданында бірнеше өндірістік парк салынуда. Балықты ауылында мал бордақылауға арналған парк іске дайын болса, Машат және Майлыкент ауылдарында құрылыс жалғасуда. Төлеби ауданында өндірістік нысандар аяқталып, жобаларды іске қосу кезеңі басталған.
Ал Сарыағаш, Келес, Отырар аудандары мен Кентау қаласында жерді дайындау жұмыстары аяқталғанымен, құрылыс қарқыны баяу. Сайрам ауданында да бірқатар нысандардың құрылысы әлі аяқталмаған.
Мақтаарал ауданында өндірістік паркке арналған жер белгіленіп, құрылыс басталды. Созақ ауданында бос тұрған өндірістік кешен базасында парк құрылып, бірнеше жоба орналастырылған. Соның ішінде арнайы киім мен аяқ киім өндіретін кәсіпорын іске қосылды. Ал Бәйдібек ауданында шағын өндірістік кешенде қолөнер және тігін бағытындағы жобалар орналастыру жоспарланған.
Аппарат мәжілісінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Бағдарлама аясында өңірде кең ауқымды экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылған:
40 мыңнан астам тұрғын қатысып, 1000 тоннадан астам қоқыс шығарылды;
32 мыңнан астам ағаш отырғызылды;
155 бұлақ, 77 өзен және 58 канал мен арық тазартылды.
Сонымен қатар «Jas Turkistan» волонтерлік ұйымының бастамасымен 15 эко-челлендж және 12 эко-марафон өткізілді.
Жалпы, өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар экономикалық өсімді қамтамасыз етіп қана қоймай, экологиялық жағдайды жақсартуға да оң әсерін тигізуде. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс басшылығының тұрақты бақылауында.
