Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру, су ресурстарын тиімді пайдалану және еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында өңірде егіс алқаптарын ұлғайтуға, заманауи агротехнологияларды енгізуге және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін көбейтуге ерекше көңіл бөлінуде.
Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде Бәйдібек ауданында биыл ауыл шаруашылығы дақылдары бұрынғы жылдармен салыстырғанда ауқымды көлемде егілді. Жалпы аудан бойынша 2026 жылы 109 145 гектар жерге егіс орналастырылып, мол өнім алуға бағытталған кешенді агротехникалық жұмыстар жүргізілуде. Мамандардың бағалауынша, биылғы маусымда табиғи-климаттық жағдайдың қолайлылығы мен агротехникалық талаптардың сақталуы нәтижесінде өнім көлемі жоғары болады деп күтілуде.
Ауданның егіс құрылымында дәнді және майлы дақылдарға басымдық берілген. Атап айтқанда, күздік бидай 54,9 мың гектар алқапқа орналастырылса, жаздық арпа 8,6 мың гектарға егілді. Сонымен қатар 30,2 мың гектарға мақсары себіліп, майлы дақылдар өндірісін арттыруға ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, 1 мың гектар жерге мақта, 8,5 мың гектарға ескі жоңышқа және 3,5 мың гектарға жаңа жоңышқа егілді. Ал картоп, көкөніс және бақша дақылдары 1,1 мың гектар алқапты қамтып отыр.
Егіс жұмыстары барысында ауыл шаруашылығы техникалары толық жұмылдырылып, тұқым, минералды тыңайтқыштар және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тапты. Сонымен бірге суармалы жерлердің өнімділігін арттыру, агротехникалық талаптарды сақтау және егінді уақытылы күтіп-баптау жұмыстары тұрақты бақылауда жүргізілуде.
Бәйдібек ауданы үшін ауыл шаруашылығы – экономиканың негізгі тіректерінің бірі. Сондықтан саладағы тұрақты өсім жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға, ауыл кәсіпкерлерінің табысын арттыруға және өңірдің азық-түлік қорын нығайтуға тікелей ықпал етеді. Егін шаруашылығындағы оң көрсеткіштер өңдеу өнеркәсібінің дамуына, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетті ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Түркістан облысында аграрлық секторды қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобалардың тиімді жүзеге асырылуы ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуына негіз қалауда. Егіс көлемінің артуы, өнімділігі жоғары дақылдарды өсіру және заманауи технологияларды енгізу өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және Түркістан облысының аграрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.

