Түркістан облысында елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдететін басым бағыттардың біріне айналды. Жетісай ауданында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі таңда 105 елді мекеннің 92-сі көгілдір отынға қосылып, газбен қамту деңгейі 87,7 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш өңірде инфрақұрылымды жаңғырту арқылы экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы орта қалыптастыру және елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Тәуелсіздік күні қарсаңында Жетісай ауданындағы Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Жаңа ауыл елді мекені табиғи газға қосылды. Бұл ауыл тұрғындары үшін тұрмыстық қолайлылықпен қатар, өңірлік экономиканың дамуына серпін беретін маңызды оқиға болды.
Газ беру рәсіміне Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, QazaqGaz Aimaq АҚ Түркістан өндірістік филиалы Жетісай газ шаруашылығының директоры Бақтыбай Акеев, сондай-ақ аудандық мәслихат депутаты Мақсат Айнабеков қатысып, ауыл тұрғындарын қос мерекемен құттықтады. Бұған дейін қатты отын пайдаланып келген 2 460 тұрғын енді табиғи газдың игілігін көріп, тұрмыстық шығындарын қысқартуға және өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік алды.
Аудан әкімі Серік Мамытов газдандыру жұмыстарының экономикалық маңыздылығына тоқталып, инфрақұрылымның дамуы ауылдардың инвестициялық тартымдылығын арттыратынын атап өтті. Оның айтуынша, инфрақұрылым мәселелері қаржы мүмкіндіктеріне қарай кезең-кезеңімен шешіліп, бір елді мекенде газ жүйесі жүргізілсе, екіншісінде жол, ауыз су немесе электр желілері жаңғыртылуда. Бұл тәсіл өңірдің теңгерімді дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жалпы, елді мекендерді газдандыру жұмыстарының қарқынды жүргізілуі аудан экономикасының жандануына оң әсер етуде. Өткен жылы Жетісай ауданында 4 елді мекен көгілдір отынға қосылса, биыл жыл басынан бері 13-ші елді мекенге газ берілді. Жыл соңына дейін тағы 7 елді мекенді табиғи газға қосу жоспарланған. Қазіргі таңда 3 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, қосымша 10 елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде.
Табиғи газдың қолжетімді болуы тек тұрмыстық жағдайды жақсартып қана қоймай, шағын және орта бизнестің дамуына, өндірістік нысандарды ашуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірлік экономиканың өсуіне, ауыл халқының табысын арттыруға және көші-қон үдерісін тұрақтандыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, газ беру шарасы барысында тұрғындарға газ инспекциясы өкілдері тарапынан газ құрылғыларын қауіпсіз пайдалану ережелері түсіндіріліп, арнайы жаднамалар таратылды. Бұл халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Жалпы алғанда, Жетісай ауданында елді мекендерді газдандыру бағытындағы жұмыстар Түркістан облысының экономикалық дамуына берік негіз қалыптастырып, ауылдық аумақтардың әлеуетін арттыруға және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға қызмет етуде.
