ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІН ДАМЫТУ ӨҢІРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМІНІҢ НЕГІЗГІ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІНЕ АЙНАЛДЫ

Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында қолға алынған кешенді жобалар өңір экономикасының қарқынды дамуына, инвестициялық белсенділіктің артуына және халықтың әл-ауқатының жақсаруына елеулі үлес қосып келеді. Мемлекеттік қолдау шаралары мен ірі инвестициялық жобалардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы өндірісі тұрақты өсім көрсетіп, облыс бұл саладағы көшбасшы өңір ретіндегі орнын нығайта түсті.

Соңғы сегіз жыл ішінде Түркістан облысында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,2 есеге өсіп, 1,2 трлн теңгеге жетті. Салыстырмалы түрде айтқанда, 2018 жылы бұл көрсеткіш 551,1 млрд теңгені құраған болатын. Бүгінде жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша Түркістан облысы республикада бірінші орында келеді.

Өңірдің агроөнеркәсіп кешеніне осы кезеңде 1 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылып, өндірістік әлеует айтарлықтай артты. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 106 мың гектарға ұлғайып, 919,4 мың гектарға жетті. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда едәуір жоғары.

Су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмасы аясында биыл бастапқы жоспар 27 мың гектар болса, бұл көрсеткіш 50 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Соның нәтижесінде облыста су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемі 164 мың гектарға жетіп, жыл сайын 280 млн текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік туады.

Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім шығару бағытындағы жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Осы мақсатта Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін қалыптастыру жобасы кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Жалпы құны 201 млрд теңгені құрайтын бес ірі инвестициялық жоба жүзеге асқаннан кейін жылына 229,5 мың тонна дайын өнім өндіріліп, 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Аталған бағыттағы ірі жобалардың бірі – «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені». Жоба аясында іске қосылатын 11 өндірістік нысанның бүгінде бесеуі пайдалануға берілді. Олардың қатарында мақта өңдеу зауыттары, тамшылатып суару таспаларын өндіру кәсіпорны, ПВХ құбырларын шығаратын зауыт және жіп иіру фабрикасы бар. Сонымен қатар су үнемдеу технологиялары арқылы 52 мың гектарға мақта егілді, ал жоба аясында 1 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Алдағы жылдары мақта кластері аясында жаңа тоқыма фабрикалары, жіп өндіру кәсіпорындары және шитті мақтаны қайта өңдеу зауыты іске қосылады.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін әртараптандыру мақсатында жүгері кластерін дамытуға да басымдық берілуде. Осы бағытта Шардара ауданында жылына 150 мың тонна жүгері өңдейтін заманауи зауыт пайдалануға берілді. Кәсіпорында крахмал, тағамдық глюкоза, жүгері майы, сірне және құрама жемді қоса алғанда 20-дан астам өнім түрі шығарылады. Өнімдер ішкі нарықпен қатар Азия және Еуропа елдеріне экспортталады.

Түркістан облысы республикадағы жылыжай шаруашылығының негізгі орталығы саналады. Қазіргі таңда өңірдегі жылыжайлардың жалпы көлемі 1006,7 гектарды құрап, республикадағы жылыжайлардың 72 пайызы осы облыстың үлесіне тиесілі. Өткен жылы жылыжайлардан 113 мың тоннадан астам көкөніс жиналып, еліміздің маусымаралық кезеңдегі сұранысының 45 пайызын қамтамасыз етті. Ал биылғы жылдың алғашқы төрт айында 38,2 мың тонна өнім өндірілді.