Түркістан облысында халықаралық әріптестікті кеңейту және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеров Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сайлас Тангалмен кездесу өткізді. Кездесудің негізгі тақырыбы – өңірде туризм, ауыл шаруашылығы және өндіріс салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдарын талқылау болды.
Кездесу барысында облыс әкімі Түркістанның тарихи және мәдени маңыздылығын атап өтіп, өңірдің инвестициялық әлеуеті туралы кең көлемде баяндады. Түркістан облысы еліміздің инвестициялық дамуы үшін тартымды аймақ ретінде ерекшеленеді. Оның аумағында 20 индустриалды аймақ пен «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. «Turan» АЭА қатысушылары салықтық және кедендік жеңілдіктерге ие болып, жобаларын тиімді жүзеге асыру мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар облыс аумағында шағын өнеркәсіптік парктердің дамуы жалғасуда, бұл өңірде өндірістік кәсіпорындар ашу үшін қосымша инфрақұрылым мен қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
– Түркістан өңірі түркі әлемінің рухани астанасы болып табылады. Мұнда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Туризмді дамыту арқылы өңірге шетелдік инвестиция тарту мүмкіндігі жоғары. Сонымен қатар халықаралық әуежай инфрақұрылымын пайдалана отырып, жаңа әуе рейстерін ашу арқылы халықаралық туризмді кеңейтуге болады, – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесу барысында облыс әкімі өңірде инвестициялық климаттың қолайлы екенін, инвесторларға кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі өңірге логистикалық артықшылық береді және шетелдік компанияларға әлемдік нарыққа шығу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Үндістан елшісі Сайлас Тангал туризм, ауыл шаруашылығы және өндіріс салаларына қызығушылық білдіріп, Түркістан мен Шымкенттің тарихи және туристік нысандарын аралайтын арнайы турпакет әзірлеу ұсынысын айтты. Елші сондай-ақ тоқыма және мақта кластері сияқты индустриалды жобаларды іске асыруға қызығушылық танытып, өңірлік инвестициялық қолдаулар туралы толық ақпарат алып, әріптестікті тереңдетуге дайын екенін жеткізді.
Жалпы, Түркістан мен Үндістан арасындағы кездесулер инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, өңір экономикасын әртараптандыруға және шетелдік компаниялардың жобаларын іске асыруға жаңа мүмкіндіктер ашуда. Бұл қадам облыстың халықаралық инвестициялық беделін арттырып, тұрақты экономикалық өсімге серпін береді.
