ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ АШЫЛЫП, ӨҢІРДІҢ РУХАНИ ӘЛЕУЕТІ АРТТЫ

Түркістан облысының Мақтаарал ауданына қарасты Ынталы елді мекенінде ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысан – 200 орындық мәдениет үйі мен заманауи кітапхана пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жұртшылықты қуанышты сәтпен құттықтады.

Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет пен өнердің ел имиджін қалыптастырудағы рөліне ерекше мән беріп келе жатқанын атап өтті.

– Президентіміз «Жаһан жұрты елімізді өнеріміз, мәдениетіміз арқылы танып біледі» деп нақты атап өткен. Сондықтан мәдениет саласын дамыту – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар бағыт. Биыл 13 наурызда Мақтаарал ауданы тұрғындарымен кездесуде сіздер көтерген мәселелер назардан тыс қалған жоқ. Қаржы тапшылығына байланысты тоқтап тұрған Ж.Нұрлыбаев және Достық ауылдық округтеріндегі мәдениет үйлерінің құрылысын аяқтау туралы ұсыныстарыңыз толық қолдау тапты. Қажетті қаражат бөлініп, бүгінде бұл нысандар халық игілігіне берілуде. Сонымен қатар А.Қалыбеков ауылдық округіндегі мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал Мырзакент кентіндегі орталық саябақты жаңғырту туралы тұрғындардың өтініші де толық орындалды. Ауылдар мен өңірді дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса береді, – деді облыс әкімі.

Жаңа мәдениет үйінің құрылысын «Нүрі-Л-Жетісай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың мамыр айында басталған. Нысан 1 гектар жер телімінде орналасқан, ғимараттың жалпы аумағы – 1 273 шаршы метр. Жобаның конкурстық құны 794 млн теңгеден асады. Мәдениет үйінің іске қосылуы нәтижесінде 70-тен астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды.

Ғимаратта шығармашылық үйірмелерге, концерттер мен мәдени-көпшілік іс-шараларға барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар заманауи талаптарға сай жабдықталған кітапхана ашылып, оқырмандарға қызмет көрсетуде. Балалар мен жастарға арналған спорттық және шығармашылық үйірмелер де қарастырылған.

Айта кетейік, бүгінде Мақтаарал ауданында 10 мәдениет мекемесі тұрақты түрде халыққа қызмет көрсетіп келеді. Бұл орталықтарда жастар мен оқушылар би, домбыра, қолөнер, эстрада және басқа да бағыттар бойынша өз қабілеттерін шыңдап, шығармашылық әлеуетін дамытуда.

Жаңа мәдениет үйінің ашылуы – Түркістан облысының дамуы жолындағы нақты қадамдардың бірі. Бұл нысан ауыл тұрғындарының рухани өмірін жандандырып қана қоймай, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және өңірдің мәдени әлеуетін арттыруға тың серпін бермек.