Кентау қаласында спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында маңызды қадам жасалды. Қала тұрғындарының спортпен айналысуына қолайлы әрі заманауи жағдай жасау мақсатында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталып, қазіргі таңда жұмыс қарқыны айтарлықтай жоғары. Бұл нысан Кентаудың ғана емес, бүкіл Түркістан облысының спорт әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жобалардың бірі болып отыр.
Құрылыс алаңында қазіргі уақытта бірқатар маңызды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, кешеннің іргетасы құйылып, темір-бетон бағаналарының қаңқасы орнатылуда. Сонымен қатар, сыртқы қабырғаға арналған кірпіш қалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыстың осы кезеңінде нысанның беріктігі мен ұзақ уақытқа жарамдылығына көңіл бөлінуі — сапалы спорт нысанын салуға деген жауапты қатынастың айғағы.
Екі қабатты болып бой көтеретін жаңа спорт кешені көпфункционалды бағытта жобаланған. Мұнда:
- үлкен әмбебап спорт залы;
- күрес залы;
- боксқа арналған арнайы зал;
- шығыс жекпе-жектеріне арналған жаттығу орындары;
- көркем гимнастикаға арналған зал;
- спортшыларға арналған киім ауыстыратын бөлмелер;
- жуынатын бөлмелер мен санитарлық тораптар;
- жаттықтырушылар мен қызметкерлерге арналған бөлмелер
қарастырылған.
Жобаның ерекшелігі — әр спорт түріне жеке-жеке жағдай жасалып, халықаралық стандарттарға сай талаптардың ескерілуі. Кешен толық пайдалануға берілгеннен кейін күніне 1000-ға жуық спортшы жаттыға алады деп жоспарлануда. Бұл көрсеткіш қаладағы спорт инфрақұрылымының айтарлықтай кеңейетінін, жастардың спортпен тұрақты айналысуына жаңа мүмкіндік ашылатынын көрсетеді.
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов құрылыс алаңына арнайы барып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Әкім құрылысшылармен тілдесіп, жауапты бөлім өкілдерінен жоспардың орындалу мерзімін сұрап, сапа мәселесіне ерекше тоқталды. Нысанның алғашқы кірпішін қалаудың символдық рәсіміне де қатысып, бұл жоба қала үшін аса маңызды екенін жеткізді.
– Қала тұрғындары, әсіресе жастар үшін сапалы спорт инфрақұрылымы аса қажет. Бұл кешен Кентаудың спорттық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, балалар мен жасөспірімдерді спортқа тартуға үлкен серпін береді. Құрылыстың уақытылы әрі жоғары сапада аяқталуы – басты талап, – деді қала әкімі.
Жандос Тасов құрылыс жұмыстарының мерзімінде бітуін және сапаның қатаң сақталуын тапсырды. Сонымен қатар, мердігер мекемеге инженерлік қауіпсіздік нормаларын, жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін ескертті.
Жаңа спорт кешенінің салынуы – Кентаудағы спорт инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған кешенді бағдарламаның бір бөлігі. Қалада соңғы жылдары жаңа спорт алаңдары, заманауи ойын алаңшалары салынып, тұрғындардың дене шынықтырумен айналысуына арналған мүмкіндіктер артып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
