ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР АГРОӨНДІРІСТІК КЕШЕНДІ СӘТТІ ДАМЫТУДЫ ЖАЛҒАСТЫРУДА

Түркістан облысында шетелдік инвесторлар үшін өңірдің инвестициялық тартымдылығы артып, ірі жобаларды жүзеге асыру қарқыны тұрақты түрде дамып келеді. Осы бағытта облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік ірі компания өкілдерімен кездесіп, өңірде іске асырылып жатқан және болашақта жоспарланған инвестициялық жобаларды талқылады.

Аймақ басшысы Нұралхан Оралбайұлы өңірдің инвестициялық әлеуеті жоғары екенін атап, Түркістан облысының шетелдік капитал үшін сенімді әріптес болатынын жеткізді. «Екіжақты тиімді жобаларды әрқашан қолдауға дайынбыз. Шетел азаматтарына жер берілмейді, алайда мемлекетпен немесе жергілікті шаруалармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Бастысы – жұмыс жүріп, нақты нәтиже болуы керек», – деді ол.

Жетісай ауданы Асықата кентіндегі индустриалды аймақта Қытай елінің үздік тәжірибесі негізінде су үнемдеу жабдықтарын өндіруге арналған «Altyn Kun Group» ЖШС бастамасымен агроөндірістік кешенді дамыту жобасы іске асырылуда. Жоба 8 гектар аумақты қамтып, төрт зауытты іске қосуды көздейді. Бүгінде бірінші кезең бойынша 4 гектар жерге қуаттылығы 3000 тонна болатын ПВХ құбыр өндіру зауыты іске қосылды, ал жылына 3 млн метр тамшылатып суару лентасын шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын.

Жобаның екінші кезеңінде қалған 4 гектар аумаққа қуаттылығы 5000 тонна агрономиялық пленка өндірісі және 5000 тонна гранула өндіру зауыты орналастырылады. Инвесторлар жобаны жүзеге асыруға 10 млн АҚШ долларын салуды жоспарлап отыр. Толық іске қосылған жағдайда 100 жаңа жұмыс орны ашылады.

«Altyn Kun Group» ЖШС құрылтайшысы Лю Кесонг үш ай ішінде жобаның алғашқы өндірістік желісін іске қосқанын атап, облыстық және аудандық әкімдікке қолдаулары үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар, смарт-технологияларды пайдалана отырып егін егуге ниетін жеткізді. Қытайлық серіктестер өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерімен танысуға арнайы келгенін айтып, құрылыс, сауда және агросала өкілдерінің жобаларын таныстырды.

Айта кетейік, 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысы экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 123%-ды құрады. Нәтижесінде шамамен 146 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Ал Жетісай ауданына 11 ай ішінде 42,4 млрд теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 110,6%-ға жетті. Оның ішінде жеке кәсіпорындардың инвестициясы 26,3 млрд теңгеге жетіп, НКИ 113,9%-ды құрады.