ТҮРКІСТАН: ЕКІНШІ БАУЫР ТРАНСПЛАНТАЦИЯСЫ – ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Түркістан облысында жоғары технологиялы медицина қарқынды дамып келеді. Облыстық клиникалық аурухана базасында профессор, академик Б.Баймахановтың жетекшілігімен және А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының білікті мамандарының қатысуымен аймақта екінші рет бауыр трансплантациясы сәтті жүзеге асырылды.

Бұл оқиға өңірдің медицина саласы үшін үлкен жетістік болумен қатар, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан да маңызды қадам саналады. Себебі бұрын мұндай күрделі оталар тек республикалық деңгейде немесе шетелде ғана жасалатын. Енді Түркістан облысы өз тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық көмекті жергілікті жерде ұсынуға мүмкіндік алып отыр.

54 жастағы науқас бірнеше жыл бойы бауыр циррозы мен билиарлық холангит диагнозымен ем қабылдап келген. Ауру асқынғандықтан, трансплантация оның өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы болған. Донор ретінде науқастың 24 жастағы ұлы өз еркімен келісім беріп, толық медициналық тексеруден өтті. Нәтижесінде қарсы көрсетілімдер анықталмай, ота сәтті жасалды.

Хирургиялық топ құрамында профессорлар Б.Баймаханов, М.Досханов, Ж.Оспан, ал анестезиологтар қатарында Т.Қуандыков пен В.Мутагиров болды. Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, трансплантацияланған бауыр қалыпты жұмыс істеп тұр.

Мұндай жоғары деңгейлі операциялардың өңірде жүзеге асуы — тек медициналық жетістік емес, экономикалық тиімділік те әкеледі. Бұрын мұндай оталар үшін науқастар Астана, Алматы немесе шетелге барып, миллиондаған теңге шығындалатын болса, енді қаржының аймақ ішінде қалуы жергілікті денсаулық сақтау инфрақұрылымын нығайтады. Сонымен қатар бұл бағытта жаңа жұмыс орындары ашылып, мамандардың кәсіби деңгейі арта түседі.

Жоғары технологиялы медициналық қызметтің жолға қойылуы Түркістан облысының медициналық туризм әлеуетін де арттыра түспек. Алдағы уақытта аймақ көршілес өңірлер мен шетел азаматтары үшін де ем алу орталығына айналуы әбден мүмкін.

Соңғы жылдары Түркістан облысы мәдени және туристік орталық қана емес, медициналық және ғылыми-инновациялық хаб ретінде де қалыптасып келеді. Облыстық клиникалық ауруханада трансплантология, нейрохирургия, эндоскопия және роботтандырылған хирургия бағыттары дамып жатыр.