ТҮРКІСТАН: «БӨРТЕ МИЛКА» ЖОБАСЫ СҮТ ӨНДІРІСІН ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында ауыл шаруашылығын жаңғырту және азық-түлік қауіпсіздігін ұлттық басымдық ретінде атап өтті. Осы мақсатта Түркістан облысында қайта өңдеу мен өндіріс қуатын арттыру бағытындағы маңызды жобалар қарқынды іске асырылуда. Бұл даму фермерлік шаруашылықтарды жаңғырту, озық технологияларды енгізу және мал басын көбейтуге бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесі болып отыр.

Ордабасы ауданында орналасқан «Бөрте Милка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тауарлы-сүт фермасын кеңейту жобасы толық іске қосылып, өңірдің сүт өндірісін жаңа сапалық деңгейге шығарды. Жоба Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін жаңғыртуға арналған мемлекеттік қолдау тетіктері аясында жүзеге асырылды.

Қазіргі таңда ауыл шаруашылығында жасанды интеллект пен «ақылды ферма» жүйелерін енгізу негізгі үрдіс болып отыр. Бұл технологиялар өндірісті дәл басқаруға, жануарлардың денсаулығын бақылауға, шығындарды оңтайландыруға және өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. «Бөрте Милка» ЖШС-де осындай инновациялық шешімдер толық пайдаланылды.

2023 жылы Түркістан облысына жаңа немесе қолданыстағы сүт-тауар фермаларын салуға және кеңейтуге 6 миллиард теңге қаржы бөлінді. Осы бағдарлама аясында «Бөрте Милка» ЖШС-нің 403 басқа арналған сүт фермасын кеңейту жобасы мақұлданып, жалпы құны 2,8 миллиард теңге қаржыландырылды. Оның ішінде 2,380 миллиард теңге мақсатты несие арқылы, 420 миллион теңге жеке инвестиция есебінен игерілді. Қарыз мерзімі 2033 жылдың 1 қазанына дейін, жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 2,5%.

Жоба аясында құрылыс жұмыстарына 872,9 миллион теңге, Еуропа стандарттарына сай автоматтандырылған сүт фермасы жабдықтарына 853,2 миллион теңге, арнайы техникаға 114,4 миллион теңге, ал асыл тұқымды голштин сиырларын сатып алуға 540 миллион теңге бағытталды. Ферма инфрақұрылымы жаңа қора-қопсылармен толық қамтамасыз етіліп, өндірісті автоматтандыру үшін Швециядан VMS-300 маркалы төрт сауу роботы орнатылды. Әр робот сегіз сағат ішінде 70 басқа дейін қызмет көрсетеді, бұл бір операторға тәулігіне үш мезгіл сауылатын 140 сиырдың толық сауын процесін жүргізуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, бұрынғы үш робот толық жаңғыртудан өтті.

Сонымен қатар фермада сыйымдылығы 2000 тонна болатын жаңа жем-шөп қоймасы мен қажетті көлемдегі бетонды қи сақтау алаңы салынды. Бұл шаралар өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етті.

Жобаның нәтижесі айқын көрініп отыр: 2024 жылдың қорытындысы бойынша «Бөрте Милка» ЖШС-нің сүт өндіру көлемі 44%-ға артты. 2025 жылдың 11 айында өндіріс көлемі 60%-ға өсіп, өңірдің сүт өндірісін жаңа деңгейге көтерді.

«Бөрте Милка» жобасы тек өндірісті кеңейтіп қана қоймай, ауыл шаруашылығында инновация мен цифрлық технологияларды енгізу, өнімділікті арттыру, еңбек тиімділігін жоғарылату және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмысқа тарту бағытында үлгі болды. Бүгінде ферма Түркістан облысының сүт өндірісі бойынша жетекші орталықтарының біріне айналып, нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырды.