ТҮРКІСТАН: АГРОӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ – ӨҢІРДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА ҚАДАМЫ

Түркістан облысында «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында агроөнеркәсіп саласына инвестициялар тарту мәселелері кеңінен талқыланды. Форумға отандық және шетелдік инвесторлар, сондай-ақ жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері қатысты.

Форумдағы панельдік сессия барысында «Түркістан облысының тұрақты дамуына инвестициялар: Өнеркәсіптен Агроөнеркәсіп кешеніне дейін» тақырыбында пікір алмасу өтті. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңірдің инвестициялық әлеуеті мен агроөнеркәсіп саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– «Түркістан облысы еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі және инвестициялық әлеуеті жоғары. Облыс аумағы табиғи ресурстарға және пайдалы қазба кен орындарына бай. Қазіргі уақытта 210 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Соңғы 6 жылда облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 10,5 млрд АҚШ долларына жетті. Біз инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша көш бастап тұр және жыл сайын 1 трлн теңгеден астам өнім өндіріледі. Инвесторларды автомобиль, электроника, тұрмыстық техника, құрылыс материалдары, тері мен былғары өндірісі, фармацевтика, сондай-ақ жеміс, көкөніс және бақша дақылдарын терең өңдеу салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз», – деді Нұрбол Тұрашбеков.

Панельдік сессияда облыстың транзиттік әлеуеті, өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту жолдары талқыланды. Сонымен қатар шикізатты терең өңдеу, жоғары қосылған құны бар өнімдер шығару бойынша жаңа жобаларға ерекше назар аударылды.

Сессияға қатысқан спикерлер қатарында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Бизнестің кеңесі өкілдері, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басшылары, Hanya International Holdings (Hubei) Co., Ltd., «QazTrade», «Цяньфэн» ауылшаруашылық кооперативі және «Qazindustry» өкілдері болды. Олар өңірлік экспортты дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу, майлы дақылдар нарығын кеңейту, арнайы экономикалық аймақтардағы инвестициялық мүмкіндіктер және бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.

2025 жылы Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі 155,6 млрд теңге жетіп, жалпы өнім көлемі 1 трлн 207 млрд теңгеге, ал экспорт көлемі 355,5 млн АҚШ долларына жетті. Өңірде ет кластерін дамытуға бағытталған 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар республикада алғаш рет су үнемдеу технологиясын пайдаланып күріш өсіру жобасы іске асырылды.

2025–2027 жылдар аралығында 78 жаңа инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, оның ішінде «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС мақтаны терең өңдеп, дайын өнімді экспортқа шығаратын көпсалалы өндіріс нысанын құруға бағытталған.

Бұл бастамалар Түркістан облысының экономикалық және инвестициялық әлеуетін арттырып, өңірдің агроөнеркәсіптік саласын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар, инфрақұрылым және мемлекеттік қолдау – Түркістанды Қазақстандағы инвестициялық тартымды өңірлердің біріне айналдырады.