Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Журналистика» кафедрасының озат студенттеріне талантты журналист, ұлттың ар-намысы атанған Бейсен Құранбек атындағы стипендия табысталды. Бұл дәстүрлі шара биыл да жоғары деңгейде өтіп, жас журналистердің шабытын арттырған айтулы оқиғаға айналды.
Биылғы стипендия иегерлерін марапаттау рәсімін «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, белгілі журналист Ғалымжан Елшібай ұйымдастырып, демеушілік етті. Салтанатты жиынға Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың ректоры Жанар Темірбекова, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай, сондай-ақ «Turkistan» телеарнасының өкілі Мәриям Әбсаттар қатысып, Бейсен Құранбектің өнегелі өмірі мен елге сіңірген еңбегі жайлы әсерлі естеліктерімен бөлісті.
Шараға елімізге танымал тележурналист, «Turkistan» телеарнасының ақпараттық-сараптамалық хабарлар дирекциясының директоры Ғани Қалмахан, Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Мәлік Әлмахан, ақын Айдар Сейдазым, журналист Асылбек Досалы және факультет деканы Д.Елжанов бастаған оқытушы-профессорлар мен студенттер қатысты. Кешті белгілі журналист, ғалым әрі композитор Бекжігіт Сердәлі жүргізді.
Қарым-қабілетімен дараланған үш жас – 3-курс студенттері Қасиет Өмірбек пен Әсел Мәулен, сондай-ақ 2-курс студенті Ақжан Қуан Бейсен Құранбек атындағы стипендия иегері атанды. Бұл марапат – олардың еңбегі мен ізденісін мойындау ғана емес, жас мамандарды жаңа белестерге жетелейтін үлкен мотивация болды.
Мұндай стипендиялар мен әлеуметтік жобалардың мәні тек марапаттауда емес, олар өңірдің интеллектуалды және экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Себебі сапалы журналистика – қоғамдағы ашықтық пен әділдіктің, ал кәсіби кадрлар – аймақтың тұрақты дамуының кепілі.
Түркістан өңірінде соңғы жылдары білім мен мәдениет саласына бағытталған әлеуметтік инвестициялар артып келеді. Бұл тек жеке тұлғаның емес, жалпы қоғамның даму индексін көтеретін фактор. Жергілікті журналистика факультетінде дарынды жастарды қолдау арқылы ақпараттық мәдениет пен азаматтық ұстанымы берік жаңа буын қалыптасып келеді.
Жас журналистердің кәсіби өсуіне салынған әрбір демеушілік – экономикалық тұрғыда ұзақмерзімді инвестиция. Себебі сапалы медиа кеңістік – аймақтың тартымдылығын арттырып, ішкі тұрақтылық пен сенімді нығайтады. Ал бұл өз кезегінде инвестициялық ахуал мен өңір имиджін жақсартады.
Келесі жылы стипендияны қалалық «Түркістан» газетінің ұжымы қаржыландырады. Бұл – өңірдегі медиа қауымдастықтың бірігіп, жас буынға қолдау көрсетуінің айқын көрінісі. Осындай қоғамдық бастамалар әлеуметтік жауапкершіліктің жаңа деңгейін қалыптастырып, Түркістанның білім мен мәдениет орталығы ретіндегі рөлін күшейтеді.
