ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚЫ ҮЛГІДЕГІ КИІЗ ҮЙ ТИПТЕС ҚОНАҚҮЙ САЛЫНАДЫ

Түркістан облысында өңірдің сәулеттік келбетін жаңғыртуға бағытталған бірқатар ауқымды жобалар қолға алынбақ. Бұл мәселелер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кезекті сәулеттік кеңес отырысында талқыланды.

Жиын барысында Арыс және Кентау қалаларындағы сәулеттік жобалар, сондай-ақ Түркістан қаласында жүзеге асыру жоспарланған жаңа бастамалар қаралды. Өңір басшысы жобаларды іске асыру кезінде заманауи тәсілдер мен тың идеяларды кеңінен қолдану қажеттігін атап өтті.

– Аудандар мен қалалардың кіреберісін көріктендіруде қазіргі заман талаптарына сай сәулеттік шешімдер ұсынылуы тиіс. Сәулет-құрылыс саласына жаңашылдық пен белсенділік қажет. Өңірдің дизайн коды Түркістан қаласының сәулеттік стилімен үйлесіп, біртұтас болуы керек. Әсіресе туристік нысандар орналасқан аудан, қалалардың кіреберіс аймақтары мен шекарадағы кеден бекеттерінің айналасын жүйелі түрде реттеу маңызды, – деді облыс әкімі.

Сәулеттік кеңесте Түркістан қаласында қазақы үлгіде бой көтеретін қонақүй жобасы ерекше назарға алынды. Жоба ұлттық нақыштағы киіз үй пішінінде салынып, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталады. Бұл бастама тарихи қалаға келетін отандық және шетелдік туристерге қазақтың дәстүрлі мәдениетін заманауи форматта таныстыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Түркістан қаласында жаңа медициналық орталық салу, шаһар аумағында шағын сәулеттік формаларды орналастыру, билер аллеясын тұрғызу мәселелері де қаралды. Қалада ауқымды мәдени-қоғамдық іс-шаралар өткізуге арналған заманауи Рәміздер алаңын салу туралы ұсыныстар айтылды.

Кеңес барысында көше бойларына жабайы жүзім өсіріп, жаз мезгіліндегі аптап ыстықта көлеңке мен сая аймақтарды көбейту мәселесі де қозғалды. Бұл бастама қаланың экологиялық ахуалын жақсартып, тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Арыс қаласында веложол салу және кәсіпкерлердің қолдауымен жаңа саябақ бой көтерту, Кентау қаласындағы базар маңын реттеу мәселелері де күн тәртібіне енгізіліп, жауапты басқармаларға нақты тапсырмалар берілді.

Жалпы, аталған жобалар өңірдің сәулеттік бейнесін жаңғыртып қана қоймай, Түркістан облысының туристік тартымдылығын арттыруға, тұрғындар үшін жайлы әрі заманауи қалалық орта қалыптастыруға жол ашады.