ТҮРКІСТАНДА ТАРИХ ПЕН ЗАМАНАУИЛЫҚ ҮЙЛЕСІМ ТАПҚАН ЖАҢА ҚОҒАМДЫҚ КЕҢІСТІКТЕР ҚАЛЫПТАСУДА

Түркістан қаласын дамыту бағытында тарихи мұраны сақтап, заманауи талаптарға сай қолайлы әрі тартымды орта қалыптастыруға ерекше мән берілуде. Қасиетті шаһардың келбетін айқындайтын жобалар тек инфрақұрылымдық нысандармен шектелмей, тұрғындар мен қала қонақтарына арналған мазмұнды қоғамдық кеңістіктерді дамытуға бағытталып отыр.

Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – «KÖNE ARBAT» туристік жобасы. Аталған жоба Түркістанның тарихи рухын заманауи қалалық мәдениетпен ұштастырып, шаһардағы жаңа туристік және мәдени орталықтардың бірін қалыптастыруды көздейді.

Жоба аясында қазіргі Арбат аумағын кеңейтіп, оны толыққанды демалыс және мәдени кеңістікке айналдыру жоспарланған. Мұнда көрме және экспозициялық залдар, шығармашылық алаңдар, кофеханалар, мәдени іс-шаралар өткізілетін ашық кеңістіктер, реставрациялық шеберханалар мен демалыс орындары орналастырылады. Сонымен қатар кәсіпкерлік нысандар үшін қолайлы коммерциялық алаңдар, автотұрақтар және жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылым қарастырылады.

Жаңа қоғамдық кеңістіктің басты мақсаты – тұрғындар мен туристер үшін жайлы, қызықты әрі қайта келуге ынталандыратын ерекше орта қалыптастыру. «KÖNE ARBAT» тарихи Түркістанның болмысын сақтай отырып, шығармашылық, мәдениет және кәсіпкерлік тоғысқан заманауи орынға айналмақ.

Сонымен қатар қаладағы маңызды аумақтардың бірі – теміржол вокзалы маңын жаңғырту бағытында да жұмыстар жоспарлануда. Түркістанға келетін қонақтардың алғашқы әсері қалыптасатын бұл аумақ қаланың тарихи мәртебесіне сай сәулеттік шешімдермен дамытылып, заманауи талаптарға бейімделмек.

Бүгінде Түркістан қаласында жүзеге асырылып жатқан әрбір жоба шаһардың ұзақ мерзімді дамуына бағытталған. Қаланың сәулеттік келбетін жақсарту, қоғамдық орындардың сапасын арттыру және туристік әлеуетін күшейту – өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды бөлігі.

Тарихы терең Түркістанды заманауи әрі жайлы қала ретінде қалыптастыру бағытындағы бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады. Жаңа қоғамдық кеңістіктер мен инфрақұрылымдық жобалар көне шаһардың жаңа тынысын ашып, келер ұрпаққа қолайлы әрі көрікті қала қалыптастыруға негіз болмақ.