Түркістан облысында учаскелік референдум комиссиялары 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда тұрғындарды хабардар ету мақсатында дауыс беруге шақыру қағаздарын тарату жүзеге асырылуда.
Аталған шаралар Қазақстан Республикасының «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңына сәйкес ұйымдастырылуда. Комиссия мүшелері әрбір азаматтың дауысы маңызды екенін атап өтіп, референдум күні дауыс беруге белсенді қатысуға шақырады.
Түркістан облысында 948 референдум учаскесі бар, оның ішінде 26 жабық референдум учаскесі жұмыс істейді.
Референдумды өткізу келесі кезеңдерді қамтиды:
2026 жылғы 12 ақпаннан 14 наурыз сағат 00:00-ге дейін үгіт жүргізіледі.
21 ақпанда аумақтық және учаскелік комиссиялардың құрамдары, сондай-ақ референдум учаскелерінің шекаралары туралы мәліметтер жарияланады.
22 ақпанда дауыс беруге арналған тізімдер референдум комиссияларына ұсынылады.
27 ақпан мен 4 наурыз аралығында азаматтарға дауыс беру уақыты мен орны туралы хабарланады.
12–14 наурыз аралығында учаскелік комиссияларға бюллетеньдер жеткізіледі.
14 наурыз – тыныштық күні.
15 наурыз – дауыс беру күні.
Түркістан облыстық референдум комиссиясы азаматтарды өз таңдауын жасап, референдумға белсенді қатысуға шақырады.

