ТҮРКІСТАНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТІК: «ALTYN BANK» ОБЛЫС ЭКОНОМИКАСЫН ҚОЛДАУҒА ДАЙЫН

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірге жұмыс сапарымен келген «Altyn Bank» АҚ Басқарма төрағасы Мұрат Байсыновты қабылдап, өңірдің экономикалық даму перспективасы мен қаржы секторының мүмкіндіктерін талқылады. Кездесу барысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты арттыру, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және өңірдегі қаржы секторын дамыту мәселелерін пысықтады.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан өңірінің экономикалық, индустриялық және табиғи әлеуетіне тоқталды. Оның айтуынша, өңірде уран, алтын, темір рудасы, фосфорит сияқты бай ресурстар бар. Сонымен қатар, қолайлы климат ауыл шаруашылығын жыл бойы дамытуға мүмкіндік береді. Түркістан облысы елімізде ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде көшбасшы болып табылады: ірі қара мал етінің экспортының 80%-ы, ұсақ мал етінің 75%-ы өңірге тиесілі.

– Түркістан облысы инвестициялық тұрғыдан тартымды, біз бірлескен жобаларды іске асыруға әрдайым дайынбыз, – деді облыс әкімі.

Инвестициялық мүмкіндіктерге ерекше мән берген Нұралхан Көшеров өңірде 20 индустриялық аймақ және 4000 гектар аумақты қамтитын «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейтінін атап өтті. Инвесторларға салықтық жеңілдіктер қарастырылған және жобаларды тиімді іске асыруға қолайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар, «Шағын өнеркәсіптік парктер» жобасы арқылы дайын өндірістік ғимараттарды жалға алу немесе сатып алу мүмкіндігі ұсынылады.

Мұрат Байсынов банк өңірде перспективалы жобаларды қаржыландыруға дайын екенін білдіріп, Түркістан облысымен ынтымақтастықты арттыруға мүдделі екенін жеткізді. Ол қаржы институтының инвестициялық жобаларды қолдау арқылы өңір экономикасына қосымша серпін беруге бағытталғанын атап өтті.

Осы кездесудің нәтижесінде Түркістан облысы мен «Altyn Bank» арасындағы инвестициялық серіктестік нығайып, өңірдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашылды. Жобалар іске асқан жағдайда жаңа өндіріс орындары ашылып, облыстың экономикалық өсімі мен инвестициялық тартымдылығы арта түседі.

Бұл ынтымақтастық Түркістанның экономикалық даму стратегиясын қолдап, өңірдің қаржы әлеуетін арттыруға және кәсіпкерлікті дамытуға нақты үлес қосады.