ТҮРКІСТАНДА ЗАМАНАУИ SMART POINT ОРТАЛЫҒЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан қаласында халыққа мемлекеттік қызметтерді қолжетімді, жедел әрі сапалы ұсынуға бағытталған жаңа форматтағы Smart Point цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығы пайдалануға берілді. Бұл жоба өңірде цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру және тұрғындардың цифрлық сауаттылығын дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі саналады.

Жаңа орталықтың ашылу салтанатына «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков қатысып, цифрландырудың мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жаңғыртудағы маңызына тоқталды.

Smart Point орталығы мемлекеттік қызметтерді жаңа деңгейде ұсынуға мүмкіндік беретін бірнеше функционалдық аймақтан тұрады. Экспресс-аймақта тұрғындар жеке куәлік пен паспорт алуға қажетті өтінімдерін арнайы құжаттандыру терминалы арқылы өздігінен рәсімдей алады. Цифрлық аймақта мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта алу, электрондық құжаттармен жұмыс істеу және заманауи AlemGPT сервисінің мүмкіндіктерін пайдалану қарастырылған. Ал күрделі мәселелер бойынша азаматтарға сараптамалық аймақта тәжірибелі мамандар кеңес береді.

Сонымен қатар орталықта тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға арналған оқыту және ақпараттандыру аймақтары ұйымдастырылып, келушілер үшін жайлы демалыс орны да қарастырылған. Мұндай қызмет көрсету форматы азаматтардың мемлекеттік сервистерді өздігінен пайдалану дағдыларын қалыптастырып, уақытты үнемдеуге және қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Жоба Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып, өңір тұрғындары үшін заманауи сервистік инфрақұрылымды дамытуға және қолайлы цифрлық экожүйе қалыптастыруға бағытталған. Бұл бастама мемлекеттік басқаруды цифрландыру үдерісін жеделдетіп қана қоймай, халыққа көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, өңірдің инновациялық әлеуетін нығайтуға да ықпал етеді.

Айта кету керек, Smart Point цифрлық ХҚКО форматы алғаш рет Ұлытау облысында енгізілген болатын. Енді бұл заманауи қызмет көрсету үлгісі Түркістан қаласының тұрғындарына да қолжетімді болып, өңірдің цифрлық даму көрсеткіштерін жақсартуға және мемлекеттік қызметтердің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне өз үлесін қоспақ.