ТҮРКІСТАНДА ЗАМАНАУИ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢІСТІКТЕР ҚАЛЫПТАСЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы қалалық орта қалыптастыру және өңірдің туристік әрі мәдени әлеуетін дамыту бағытындағы инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Түркістан қаласында бой көтеріп жатқан Рәміздер алаңы бар «Астана» саябағы.

Жоба өңірдегі заманауи қоғамдық кеңістіктердің қатарын толықтырып, тұрғындар мен қала қонақтарының бос уақытын тиімді өткізуіне, бұқаралық мәдени-көпшілік іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар саябақ қаланың сәулеттік келбетін жақсартып, туристік тартымдылығын арттыруға және экологиялық ахуалды жақсартуға өз үлесін қосады.

Жалпы саябақтың аумағы 20,2 гектарды құрайды. Жоба аясында мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған арнайы Рәміздер алаңы, жаяу жүргіншілер аллеялары мен жасыл желекке көмкерілген демалыс аймақтары салынады. Саябақта тұрғындардың жайлы демалуына қолайлы жағдай жасау мақсатында кең көлемде көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Жоба бойынша 12 мың шаршы метрден астам аумақ көгалдандырылып, 32 мың шаршы метрден астам қатты жабынды төселеді. Сонымен қатар келушілерге қолайлы жағдай жасау үшін 800-ге жуық автокөлікке арналған автотұрақ қарастырылған.

Саябақ аумағында бір мезетте 20 мың адамға дейін қатысатын мерекелік және мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге мүмкіндік беретін кең алаң жасақталады. Бұл өз кезегінде республикалық және халықаралық деңгейдегі мәдени, қоғамдық және патриоттық іс-шараларды ұйымдастыруға қолайлы жағдай қалыптастырады.

Өңірде қоғамдық кеңістіктерді дамытуға бағытталған мұндай жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, қаланың инвестициялық және туристік тартымдылығын арттыруға, экологиялық мәдениетті нығайтуға және Түркістанның заманауи әрі жайлы қала ретінде дамуына тың серпін береді.