Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвестормен кездесіп, өңірде заманауи аквапарк салу мәселесін талқылады. Кездесу барысында Түркістан қаласында ірі туристік-демалыс кешенін іске асыруға бағытталған жоба ұсынылды.
Жобаға сәйкес, болашақ аквапарк кешенінің жалпы аумағы 120 мың шаршы метрден асады. Кешен құрамында су аттракциондары бар аквапарк аймағы, кемпинг форматындағы қонақ үй, қабылдау орталығы және банкет залы орналаспақ. Нысан отбасылық демалыс мәдениетін дамытуға және өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Аквапарктың басты ерекшелігі – маусымға бейімделетін аттракциондар. Мұндағы су айдыны жаз мезгілінде шомылуға пайдаланылса, суық маусымда картинг жолына айналады. Бұл шешім кешеннің жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Жобада биік сырғанақтар, торнадо үлгісіндегі аттракцион, аква-қамал, кемпірқосақ сырғанағы және интерактивті ойын алаңдары қарастырылған.
Жаңа туристік кешен тек Түркістан өңірінің тұрғындарына ғана емес, еліміздің өзге аймақтарынан және шетелден келетін туристерге де арналған. Жоба іске асқан жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірдің туристік тартымдылығы айтарлықтай артады.
Кездесу барысында тараптар өзге де инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, алдағы уақытта «Turan» арнайы экономикалық аймағында жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды жандандыру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Түркістан облысында қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылға негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі 1 трлн 427 млрд теңге болып жоспарланған. Жыл қорытындысымен өңірге нақты 1 трлн 746 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім көрсеткіші 121,6 пайызды құрады.

