Түркістан қаласында тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіз әрі жайлы ортада ойнауына жағдай жасауға бағытталған жүйелі жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Қалалық инфрақұрылымды дамыту аясында соңғы жылдары ойын және спорт алаңшаларының саны артып, олардың сапасына да ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінгі таңда қала аумағында 250-ге жуық ойын және спорт алаңшасы тұрғындарға қызмет көрсетіп отыр.
Аталған алаңшалар балалардың дене белсенділігін арттырып, спортқа қызығушылығын оятумен қатар, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен бірге, бұл нысандар тұрғындар үшін демалыс пен спортты қатар ұштастыратын, отбасылық уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік беретін маңызды қоғамдық кеңістіктердің біріне айналды. Осыған орай, ойын және спорт инфрақұрылымын дамыту мәселесі қала әкімдігінің тұрақты бақылауында.
2025 жылы қала бойынша 40 ойын алаңшасына кешенді жаңарту жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, ескі және тозығы жеткен жабдықтар толықтай алынып, олардың орнына заманауи, сапалы әрі қауіпсіз ойын элементтері орнатылды. Жаңғырту барысында барлық алаңшалар қолданыстағы санитарлық және техникалық қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіріліп, балалардың жарақат алу қаупін барынша азайтуға басымдық берілді. Бұл өз кезегінде ата-аналар үшін де қолайлы әрі алаңсыз демалуға жағдай жасап отыр.
Сонымен қатар, тұрғындардың ұсыныстары мен қаланың даму жоспарларына сәйкес жаңа ойын және спорт нысандарын салу жұмыстары да қарқын алып келеді. Жаңа алаңшалар халық тығыз орналасқан тұрғын үй аумақтарында, балалар мен жастар көп шоғырланатын аймақтарда бой көтеруде. Бұл қала тұрғындарының сұранысын барынша ескеруге және әлеуметтік инфрақұрылымды теңгерімді дамытуға бағытталған.
Түркістан қаласы әкімдігі қала тұрғындарын қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға, ортақ игілікті бірге сақтауға шақырады. Егер ойын немесе спорт алаңшаларында бүліну, бұзақылық әрекеттер немесе техникалық ақаулар байқалса, тұрғындарға 109 бірыңғай байланыс нөміріне хабарласу ұсынылады. Әрбір тұрғынның белсенділігі мен жауапкершілігі Түркістанның қауіпсіз, жайлы әрі қолайлы қала ретінде дамуына өз үлесін қосатыны сөзсіз.

