ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА АУДАН БРЕНДІНЕ АЙНАЛАТЫН ЖАҢА НЫСАН БОЙ КӨТЕРУДЕ

Түркістан облысының туристік және инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру бағытында қолға алынған жобалардың бірі – Түлкібас ауданында бой көтеріп жатқан «Құт дарыған – Түлкібас» атты жаңа архитектуралық композиция. Бұл нысан тек көріктендіру элементі ғана емес, ауданның аймақтық брендіне айналатын рухани және мәдени символ болмақ. Биіктігі 10 метр, ені 8 метр, жалпы ұзындығы 128 метрді құрайтын алып темір конструкция бүгінде Жаскешу ауылының маңындағы тау бөктерінде, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бойында бой көтеруде. Бұл бағыт – елді байланыстыратын маңызды көлік дәлізі болғандықтан, жоба аймақтың туристік имиджін қалыптастыруда ерекше мәнге ие. Нысанның құрылысы демеушілер есебінен жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта бұл ерекше композиция ауданның визуалды брендіне айналып, Түлкібастың табиғаты мен қонақжайлығын бейнелейтін жаңа символ болмақ. Жазудың көркемдік және конструкциялық сапасына баса назар аударылып отыр. Нысан желге төзімді болу үшін арнайы инженерлік шешімдер қолданылуда. Сонымен қатар, жазудың түнгі уақытта да айқын көрінуі үшін электр желісі тартылып, жарық шамдар орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл – тек сәулеттік нысан емес, ауданның заманауи инфрақұрылымының ажырамас бөлігіне айналатын эстетикалық объект. Жаскешу ауылындағы бұл нысанмен қатар, елді мекеннің әлеуметтік инфрақұрылымы да жүйелі түрде жаңарып келеді. Атап айтқанда, биыл ауылдың Наурыз және Амангелді көшелеріне табиғи газ жүйесі, ал Бексейтов, Демеушов және Бесата көшелеріне ауыз су жүйесі тартылды. Нәтижесінде, бұрын орталық желілерге қосылмаған 14 үйге газ, 63 абонентке тіршілік нәрі жеткізілді. Бұл жұмыстар – өңір халқының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған инженерлік-инфрақұрылымдық саясаттың нақты нәтижесі. Аудан тұрғындарының және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында республикалық маңызы бар А-2 автодәлізінің бойына ұзындығы 500 метрден асатын аяқжол (тротуар) салынып жатыр. Бұл бастама – тұрғындар өтінішінің негізінде қолға алынған әлеуметтік жоба. Жаңа аяқжол ауылдың келбетін айшықтап қана қоймай, қоғамдық қауіпсіздік пен өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам болып отыр. Жаңа нысанның бой көтеруімен бірге Түлкібас ауданы инфрақұрылымдық тұрғыдан жаңарып, әлеуметтік маңызы жоғары жобалармен толығып келеді.