ТҮЛКІБАСТА ЭКОТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН «ALTY KÖL» ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түлкібас ауданы табиғаты мен экожүйесі бай, көрікті аймақтардың бірі ретінде туризмді дамытуға ерекше әлеуетке ие. Соңғы жылдары өңірде экотуризм мен агротуризм бағыттарына басымдық беріліп, мемлекеттік қолдау мен жеке инвестицияның үйлесімді нәтижесінде жаңа жобалар қолға алынуда. Осындай игі істердің бірі — Арыс ауылдық округінде бастау алған «ALTY KÖL» экожобасы. Бұл бастаманың авторы — жас кәсіпкер Ғабит Пернебаев. Ол өз меншігіндегі 10 гектар жердің 5 гектарына 6 жасанды көл жасап, қалған бөлігін көгалдандыруға және ауыл шаруашылығына бейімдеген. Жер телімінде сирек кездесетін сәндік ағаштар, қауын-қарбыздың түр-түрі, жүгері және алма бағы өсірілуде. Қазіргі таңда алты көлдің екеуіне балық шабақтары жіберіліп, экожүйелік тепе-теңдік орнатылуда. Бір тоғанға 10 мың дана хан (форель) балығы, екіншісіне 300 дана бекіре балығының шабақтары жіберілген. Кәсіпкер алдағы уақытта қалған көлдерді де балықтандыруды жоспарлап отыр. Болашақта бұл аумақ өңірдің экотуристік нысанына айналып, демалыс аймағы, этноауыл, амфитеатр, шағын зообақ, атпен серуендеу аймағы, спорт және ойын алаңдары сынды инфрақұрылымдар бой көтермек. Осылайша, жоба өңірге келген туристер мен демалушыларға табиғат аясындағы толыққанды демалыс қызметтерін ұсынуды көздейді. «ALTY KÖL» жобасының басты ерекшелігі — оның халықаралық тәжірибеге негізделуі. Кәсіпкер жобаның идеясын Австриядан алып, сызбасын Ресейлік мамандарға жасатқан. Бұл – шетелдік үлгідегі экологиялық және заманауи стандарттарға сай жоба екенін көрсетеді. Жобамен танысу мақсатында нысанға аудан әкімі Асқар Естібаев, аудан әкімінің орынбасары Ғани Құрманбай және сала мамандары барды. Аудан басшысы бастамашыл кәсіпкерге сәттілік тілеп, жобаға мемлекет тарапынан балық жемінің 30 пайызын субсидиялау мүмкіндігін ұсынды. Сонымен қатар, кәсіпкердің бастамасын сүйемелдеу және қажетті қолдау шараларын көрсету бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар берді. Бүгінде мұндай жобалар «Ауылдық туризмді дамыту», «Бизнестің жол картасы» және «Инвестициялық жобаларды қолдау» бағдарламалары аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр. Экотуризм — тек табиғатты сақтау тетігі ғана емес, сонымен бірге жергілікті халықтың табысын арттыру, жұмыс орындарын ашу және шағын және орта бизнесті жандандырудың маңызды бағыты болып табылады. Айта кетерлігі, биыл Түлкібас ауданында туризм саласын дамытуға бағытталған жалпы құны 4,4 млрд теңгені құрайтын үш ірі жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 220-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, аудан экономикасына қосымша серпін бермек. «ALTY KÖL» — табиғатқа жанашырлық пен кәсіпкерліктің үйлесімін көрсететін, өңірдің туристік брендіне айналуға лайық тың жоба. Ол тек экологиялық бағытты емес, сонымен бірге ауылдық аумақтардың әлеуметтік тұрғыдан дамуын, жастардың кәсіпкерлік белсенділігін және Түлкібастың табиғи әлеуетін барынша тиімді пайдалануды көздейді.