Созақ аудандық әкімдігі ғимаратының мәжіліс залында «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында маңызды әлеуметтік және еңбек нарығын дамыту бағытындағы іс-шара өтті. Шара барысында аудан әкімдігі, прокуратура, «Мансап орталығы» және ірі жұмыс беруші компания – «KATKO» арасындағы 4 жақты серіктестік меморандумға қол қойылды.
Меморандумға аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов, Түркістан облысы прокуратурасының басқарма басшысы Нұрғали Асқанбеков, аудан прокуроры Ғалымжан Құдайқұл, Созақ аудандық «Мансап орталығы» филиалының директоры Абай Көбенов және «KATKO» қазақстандық-француздық біріккен кәсіпорнының бас директоры Закария Эль Марзуки қол қойды.
Құжаттың басты мақсаты – жергілікті азаматтарды тұрақты, сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, еңбек нарығын дамыту және жұмыс беруші ірі кәсіпорындармен байланысты нығайту болып табылады. Меморандум аясында вакансиялар мен жұмысқа орналастыру бойынша ақпарат алмасудың тұрақты тәртібі бекітіледі.
Жұмыс беруші тарап бос жұмыс орындары мен қажетті мамандықтар туралы ақпаратты уақтылы «Мансап орталығына» жолдап, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа тарту механизмін күшейтеді. Ал «Мансап орталығы» ұсынылған сұраныстарға сәйкес жұмыссыздар арасынан қажетті мамандарды анықтап, жолдама береді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта «KATKO» қызметкерлерінің 70 пайыздан астамы Түркістан облысы мен Созақ ауданының тұрғындары. Бұл көрсеткіш компанияның жергілікті кадрларды тартуға деген тұрақты ұмтылысын айқындайды.
Аталмыш меморандум жергілікті экономикаға, ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс орындарын құруға және еңбек нарығын дамытуды қамтамасыз етуге ықпал ететін стратегиялық қадам болып отыр. Серіктестік аясында жүзеге асырылатын іс-шаралар өңір тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, кәсіби біліктілікті арттыруға және жергілікті кадрлық әлеуетті дамытуға мүмкіндік береді.
