Түркістан облысында соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму қарқынды жүзеге асырылып келеді. Өңірде халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және әлеуметтік қолдауды күшейту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік бағдарламалармен қатар, қоғам белсенділері мен кәсіпкерлердің, ел жанашырларының бастамалары да өңірдің өркендеуіне өзіндік үлес қосып келеді.
Соның жарқын дәлелі ретінде Сауран ауданына қарасты Ибата елді мекенінде өткен тағылымды шараны атап өтуге болады. Бұл күні көпбалалы әрі әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыға жаңа тұрғын үйдің кілті табысталып, қоныс той қуанышы сыйланды. Аталған игі іс туған жерге деген сүйіспеншілікті ту еткен азаматтардың бірлігінің нәтижесі болды.
Жаңа баспана Ибата ауылындағы 1989 жылғы мектеп түлектерінің бастамасымен салынды. Түлектердің бұл әрекеті туған өлкеге деген жанашырлықтың, әлеуметтік жауапкершіліктің және ұлттық құндылықтарға адалдықтың нақты көрінісі ретінде бағаланды. Олар бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның игілігіне қызмет ететін өнегелі бастама көтеріп, көпшілікке үлгі көрсетті.
Салтанатты шараға қатысқан Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындарды қоныс тойымен құттықтап, қайырымдылық шарасына атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған осындай бастамалардың маңыздылығына тоқталып, белсенді азаматтарға арнайы Алғыс хаттар табыс етті.
Бүгінде Түркістан облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жаңа мектептер, медициналық нысандар, мәдениет және спорт кешендері салынып, тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Мұндай оң өзгерістер халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік беруде.
Ибата ауылындағы жаңа үйдің табысталуы – өңірдегі әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық ынтымақтың нақты көрінісі. Қазақ халқының ежелден келе жатқан асар дәстүрі бүгінгі күні де өз жалғасын тауып, қоғамдағы өзара қолдау мен жанашырлықтың маңызын айқындай түсуде. Осындай игі бастамалар арқылы азаматтар арасында сенім нығайып, елдің бірлігі мен татулығы арта түседі.
Жаңа баспана барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіліп, отбасының жайлы өмір сүруіне мүмкіндік жасалған. Қоныс иелері көрсетілген қамқорлық пен қолдау үшін ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, қуаныштарын бөлісті.

