Түркістан облысының Сарыағаш ауданында инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның жарқын мысалы – Жібек жолы ауылдық округіндегі ауыз су нысанының құрылысы. Бұл жоба аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, сондай-ақ инвестициялық тартымдылығын арттыруға айрықша серпін бермек. Аталған жобаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда елді мекенді Р-1 каналынан тартылатын магистральды суағар жүйесіне қосу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ауыз су желісінің жалпы ұзындығы 91 шақырымды құрайды. Құрылысты ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тапсырысымен «FS Development Group» ЖШС жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда ауыз су құбырларын тарту жұмыстары толық аяқталған. Сонымен қатар су қоймасы мен қорғау пункті салынып, қажетті резервуарлар орнатылды. Құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу деңгейі 95 пайызға жетті. Бұл нысан елді мекен тұрғындарының көптен күткен мәселесін түбегейлі шешіп, тұрмыстық жағдайын жақсартады.
Ауыз су инфрақұрылымының дамуы – тек әлеуметтік жоба емес, экономикалық және инвестициялық тиімділікке ие бастама. Себебі инженерлік-коммуникациялық жүйелердің сапасы – инвесторлар үшін басты көрсеткіштердің бірі. Тұрақты сумен қамтылған ауылдарда жаңа кәсіпкерлік нысандар ашуға, шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде жергілікті бюджетке салық түсімдерін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында тұрғындардың өмір сапасын арттырудың маңызды шарты ретінде ауыз су мәселесін шешуді атап өткен болатын. Осы бағытта Түркістан облысында соңғы жылдары ондаған елді мекен таза ауыз сумен қамтылып, жаңа су жүйелері іске қосылды.
Жібек жолы елді мекеніндегі жобаның табысты жүзеге асуы – аймақтың тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам. Өңір басшылығының бастамасымен атқарылып жатқан бұл жұмыстар тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартумен қатар, Түркістан облысының инженерлік-инфрақұрылымдық әлеуетін күшейтеді. Ауыз су жүйесінің толық іске қосылуы – Сарыағаш ауданын әлеуметтік тұрғыда жаңа деңгейге көтеріп, өңірдің инвестициялық және экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етпек. Бұл – өмір сапасының нақты көрсеткіші және халық игілігіне бағытталған тиімді мемлекеттік саясаттың айқын көрінісі.
