САРЫАҒАШ: «АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА 31 КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ ЖАМЫЛҒЫСЫ ТӨСЕЛЕДІ

«Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға, тұрғындарға қолайлы өмір сүру жағдайын қалыптастыруға бағытталған. Бағдарлама аясында Сарыағаш ауданының Дербісек ауылдық округінде бірқатар көшелерде орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба шеңберінде жалпы 31 көшеге асфальт жамылғысын төсеу жоспарланған. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының күнделікті қозғалысын жеңілдетіп, көлік қатынасының сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары қызу қарқынмен жүргізіліп жатыр. 15 көшенің жөндеуін «Bairkum company» ЖШС, ал қалған 16 көшенің жолын «Artd group» ЖШС атқарып келеді. Бүгінгі таңда Құралов және Әлия Молдағұлова көшелерінде асфальт төсеу жұмыстары басталып, жолдың негізі нығайтылып, тегістеу және жиек тастарын орнату жұмыстары қатар атқарылуда. Барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының негізгі мақсаты – ауылдық жерлердегі жол, су, жарық, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіріп, тұрғындардың өмір сапасын арттыру. Сондықтан да бағдарлама аясында Дербісек ауылдық округінде тек жол саласы ғана емес, білім мен әлеуметтік инфрақұрылым салалары да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, Дербісек ауылдық округінде орналасқан №76 жалпы білім беретін мектепте де «Реновация» бағдарламасы аясында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта мектептің ішкі және сыртқы әрлеу-сырлау жұмыстары басталып, ғимараттың жылу жүйелері мен есік-терезелері жаңартылуда. Бұл өз кезегінде оқушылар мен ұстаздарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Бағдарлама шеңберіндегі осындай жобалар ауылдық аймақтардың дамуына серпін беріп, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға сеп болып отыр. Инфрақұрылымның жаңаруы ауыл өмірінің дамуына тікелей әсер етеді — жаңа жолдар мен мектептердің жөнделуі ауылдың келбетін жақсартып қана қоймай, экономикалық және әлеуметтік тұрғыда оң өзгерістерге жол ашады. Жалпы, Сарыағаш ауданында соңғы жылдары елді мекендерді абаттандыру, жолдарды жөндеу және әлеуметтік нысандарды жаңарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының нәтижесінде ондаған көшелер жаңарып, тұрғындарға ыңғайлы инфрақұрылым қалыптасуда. Дербісек ауылдық округіндегі 31 көшенің жолы толық жаңартылғаннан кейін ауылішілік қатынас айтарлықтай жақсарып, жаяу және көлік қозғалысы үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы орта қалыптасады деп күтілуде.