САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ШЕҢГЕЛДІ ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ МЕН КІТАПХАНА ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛУ САТЫСЫНДА

Түркістан облысында ауылдық елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың мәдени-рухани әлеуетін арттыру және сапалы демалыс ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы орайда Сарыағаш ауданында да бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Сол жобалардың бірі – Шеңгелді елді мекенінде салынып жатқан 75 орындық мәдениет үйі мен кітапхана кешені. Аталған нысан ауыл тұрғындарының мәдени-рухани өмірін жандандыруға, жастардың білім мен өнерге деген қызығушылығын арттыруға және бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік объект ретінде қарастырылуда.

Құрылыс жұмыстарының барысымен танысу мақсатында Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев нысан басына барып, жобаның орындалу қарқынын зерделеді. Жұмыс сапары барысында аудан басшысы мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс сапасына ерекше мән беруді, пайдаланылатын материалдардың стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуді және нысанды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын «Асар строй групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Жоба аясында ғимарат аумағын абаттандыру, ішкі әрлеу жұмыстары және заманауи кітапхана мен мәдениет үйіне қажетті жиһаздар мен техникалық құрал-жабдықтарды орнату кезеңдері атқарылуда.

Жаңа мәдениет үйі мен кітапхана пайдалануға берілген жағдайда ауыл тұрғындары үшін мәдени іс-шаралар өткізуге қолайлы орта қалыптасып, жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытуға кең мүмкіндік ашылады. Сонымен қатар бұл нысан ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды инфрақұрылымдық жоба болмақ.

Жалпы, Сарыағаш ауданында әлеуметтік нысандарды дамыту, ауылдық жерлерде мәдени және білім беру инфрақұрылымын кеңейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.