САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА СПОРТ ПЕН МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ АУҚЫМДЫ ҚҰРЫЛЫС ЖОБАЛАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Сарыағаш ауданы аумағында бұқаралық спортты дамыту, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл бастамалар – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген стратегиялық басымдықтардың бірі болып табылады. Аудан әкімдігі мен жергілікті атқарушы органдар биылғы жылы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруда.

Биыл аудан бойынша жалпы 34 балалар ойын алаңшасын салу жоспарланған. Солардың бірі – Таскескен елді мекені, Тегісшілдік ауылдық округіне қарасты аумақтағы кіші футбол және балалар ойын алаңшасының құрылысы жүріп жатыр. Спорт нысанының құрылысы 2025 жылдың желтоқсан айында басталып, 2026 жылдың сәуір айында пайдалануға берілуі жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 30 пайызы орындалған. Жобаны жүзеге асырумен «AIN Development» ЖШС айналысып отыр. Құрылысқа қажетті қаржы аудандық бюджет есебінен бөлінген. Бүгінде воркаут алаңшасының барлық құрал-жабдықтары толық орнатылып, кіші футбол алаңшасының қоршаулары қойылды, алаңды тегістеу және топырақ жұмыстарын жүргізу жұмыстары жалғасуда.

Сонымен қатар, аудан аумағында мәдени саладағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да белсенді жүргізілуде. «Мәдени объектілерді дамыту» бағдарламасы аясында Мәдениет елді мекенінде 75 орындық мәдениет үйі мен кітапхана ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі таңда ғимараттың ішкі едендеріне бетон құю жұмыстары аяқталып, ішкі қабырғаларды әрлеу жұмыстары басталды. Бұл нысанның құрылысын «Строительная компания «Люкс сервис» ЖШС қолға алған. Аталған мәдени нысан тұрғындарға заманауи деңгейде қызмет көрсетіп, мәдени іс-шараларды өткізуге, оқырман айналымын арттыруға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік нысандардың құрылыс барысы аудан әкімі Арман Абдуллаевтың тікелей бақылауында жүзеге асырылуда. Қадағалау жұмыстары жобалардың уақытылы орындалуын, сапалы құрылыс жүргізілуін және тұрғындардың қажеттіліктерін ескеруді қамтамасыз етеді.

Осы жобалардың іске асырылуы – Сарыағаш ауданында балалар мен жасөспірімдер үшін спорттық және ойын алаңдарының көбеюіне, жергілікті мәдени инфрақұрылымның нығаюына және тұрғындардың өмір сүру сапасының жақсаруына жол ашады. Сонымен қатар бұл бастамалар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, жас ұрпаққа салауатты өмір салтын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Алдағы уақытта аудан аумағында әлеуметтік және мәдени нысандарды жаңғырту, балаларға арналған спорт алаңдарын салу және заманауи инфрақұрылым құру жұмыстары жалғасатын болады. Бұл тұрғындарға қолайлы ортаны қалыптастыру, спорттық және мәдени әлеуетті арттыру бағытында жүйелі және тұрақты жұмыс жүргізіліп жатқанын көрсетеді.