САРЫАҒАШТА АУЫЗ СУ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛУДА

Түркістан облысында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, инженерлік-коммуналдық жүйелерді жаңғыртуға және ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған.

Сарыағаш ауданына қарасты Ақжар ауылдық округінің Ақжар елді мекенінде орталықтандырылған ауыз су жүйесінің құрылысы жоспарға сәйкес жалғасуда. Жоба ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етіп, коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта құрылыс алаңында су қоймасын қоршау, диаметрі 20, 63, 110 және 160 миллиметр болатын ауыз су құбырларын тарту, сондай-ақ су құдықшаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін жалпы ұзындығы 45 шақырымға жуық ауыз су желісі төселіп, 175 су құдықшасы орнатылған.

Жобаның құрылыс-монтаж жұмыстарының шамамен 60 пайызы орындалған. Құрылыс аяқталғаннан кейін Ақжар елді мекеніндегі 7 мыңға жуық тұрғын орталықтандырылған сапалы ауыз суға қол жеткізеді. Бұл тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, санитарлық-гигиеналық жағдайды көтеруге, халық денсаулығын нығайтуға және ауылдың тұрақты дамуына оң ықпал етеді.

Өңірде ауыз су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған мұндай жобалар халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттырудың маңызды тетіктерінің бірі саналады. Инженерлік желілерді жаңғырту елді мекендердің инфрақұрылымдық әлеуетін күшейтіп, ауыл тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Түркістан облысында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, сапалы ауыз суға қолжетімділікті кеңейту, ауылдық аумақтарды дамыту және өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсімін қамтамасыз ету бағытындағы мемлекеттік саясаттың басым міндеттерінің бірі болып қала береді.