Конституция – кез келген мемлекеттің құқықтық іргетасы, билік жүйесінің құрылымы мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі. Сондықтан референдум тек саяси науқан ғана емес, ел болашағына тікелей әсер ететін тарихи кезең болып саналады. Осындай жауапты сәтте қоғам тарапынан ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз ету мәселесі ерекше маңызға ие. Осыған байланысты елімізде түрлі бастамашыл топтар құрылып, референдум барысын тәуелсіз бақылау мақсатында ұйымдасуда. Олар баспасөз мәлімдемелерін жасап, Қазақстанның әр аймағындағы сайлау учаскелерінде дауыс беру процесін бақылауға ниетті екендерін білдіруде. Мұндай азаматтық белсенділік демократиялық қоғамның дамуының көрсеткіші болып табылады. Бастамашыл топтардың бірі – “Халық үні” бақылаушылар тобы. Аталған топ құрамында белгілі саясаттанушылар мен қоғам белсенділері бар. Олардың қатарында саясаттанушы Нұрболат Нышанбай, тарихшы әрі баспагер Бекнұр Қисықов және саясаттанушы, журналист Нұргелді Әбдіғаниұлы бар. Сонымен бірге, бақылаушыларды белгілі саясаттанушы Дос Көшім оқытпақ.

Олар референдумның ашық әрі әділ өтуіне азаматтық бақылау арқылы үлес қосуды мақсат етеді. Осы бағытта топ мүшелері аймақтарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бақылаушы болуға ниетті жастармен кездесулер өткізуде. Мәселен, Шымкент қаласында өткен кездесуде бақылаушылық қызметтің мазмұны, бақылаушының құқықтары мен міндеттері, дауыс беру процесін қадағалау тәртібі және сайлау учаскесіндегі этика мәселелері кеңінен түсіндірілді. Мұндай кездесулер жастардың саяси мәдениетін арттыруға және олардың құқықтық сауаттылығын күшейтуге бағытталған. Жалпы алғанда, тәуелсіз бақылаушылар сайлау мен референдум процестерінің ажырамас бөлігі болып саналады. Олар дауыс беру мен дауыс санау кезеңдерінің заң талаптарына сай өтуін бақылап, ықтимал заң бұзушылықтарды тіркеуге құқылы. Бақылаушылардың қатысуы қоғамның сайлау нәтижелеріне деген сенімін арттырып, ашықтық қағидаттарының сақталуына ықпал етеді. Демократиялық мемлекетте азаматтардың саяси процестерге белсенді араласуы – тұрақтылық пен дамудың кепілі. Сондықтан алдағы референдум тек Конституцияға қатысты таңдау ғана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық белсенділіктің сыналатын сәті болмақ.

