Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында «Цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы» екенін атап өтіп, барлық азаматты сапалы интернетпен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс бүгінде Түркістан облысында нақты нәтиже беріп келеді.
Жуырда Отырар ауданының Қостерек елді мекенінде «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында OneWeb спутниктік жүйесі орнатылып, заманауи қоғамдық Wi-Fi желісі іске қосылды. Бұрын байланыс мүлде болмаған ауыл тұрғындары енді интернеттің игілігін көре бастады.
Жүйенің іске қосылуына Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен «Jusan Mobile» АҚ-ның Түркістан облысы бойынша директоры Нұрбол Баураев қатысып, жаңа технологияның артықшылықтарын таныстырды. Жоба шеңберінде облыстың өзге де шалғай ауылдарында — Арыс, Қазығұрт, Келес және Түлкібас аудандарында осындай спутниктік жүйелер орнатылуда.
Интернетке қолжетімділік ауыл өмірін едәуір жеңілдетті. Енді оқушылар онлайн сабақтарға қатыса алады, дәрігерлер мен мемлекеттік қызметкерлер цифрлық жүйелерді кедергісіз қолданады, ал жастар қашықтан оқып, онлайн курстарға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Бұл – әлеуметтік теңсіздікті азайтып, ауыл халқының цифрлық мәдениетін дамытудағы маңызды қадам.
Сонымен қатар, интернет ауыл экономикасына да серпін беруде. Кәсіпкерлер мен фермерлер өнімдерін онлайн сата алады, банктік және мемлекеттік қызметтерді электронды форматта пайдаланып, өз ісін тиімді жүргізуге жол ашылды. Жеке инвестор есебінен қараша айында іске қосылатын базалық станция арқылы ауыл толыққанды байланыспен қамтылмақ.
Ауыл тұрғыны Сындарқұл Арғынбай жаңа жүйенің өмір сапасын арттырғанын айтып: «Бұрын интернет болмаған соң, жастар қалаға кететін. Енді мұнда да мүмкіндік бар, ауыл дамиды деген сенім оянды», – дейді.
Қостеректегі бұл жаңалық – цифрландырудың нақты нәтижесі. Ол тек технологиялық емес, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан да ауылдың өз бетімен даму қабілетін күшейтіп, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға жол ашты.
