ОТЫРАРДА АУЫЗ СУ ЖОБАСЫНЫҢ ІСКЕ ҚОСЫЛУЫ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ӨМІР САПАСЫН ЖАҚСАРТТЫ

Отырар ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның айқын көрінісі – ауданға қарасты Ақкөл елді мекенінде ауыз су жүйесін жүргізу мен имаратының құрылыс жұмыстарының толық аяқталып, тұрғындардың таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі. Бұл жоба ауыл халқының күнделікті тұрмысын жақсартып қана қоймай, әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан да маңызды болып отыр.

Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы, Отырар ауданының прокуроры Әмір Пулатұлы, сондай-ақ ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында ауылдық елді мекендерді дамыту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бойынша берілген тапсырмаларды орындау аясында ауданда ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. «Бүгін Ақкөл ауылының халқы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде, бүгінгі таңда Отырар ауданындағы 38 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған таза ауыз суға қол жеткізді», – деді аудан басшысы.

Аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы жаңа су жүйесінің іске қосылуы ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп, олардың тұрмыс сапасын арттыратынын және ауыл өмірінің жайлы болуына оң әсерін тигізетінін атап өтті. Сонымен қатар, Отырар ауданының прокуроры Әмір Пулатұлы аталған нысанның құрылысын мемлекетке прокуратура органдары арқылы қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылғанын айтты. Ол бұл шараның заң үстемдігін қамтамасыз етіп, қайтарылған қаражатты халық игілігіне бағыттаудың нақты үлгісі екенін ерекше атап өтті.

Жобаны жүзеге асырушы «Exclusive Project Company» ЖШС нысан бойынша барлық құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы орындады. Жобаның шеңберінде 11 560 метр жаңа су құбыры жүргізіліп, ауылдағы 65-тен астам отбасы таза ауыз сумен қамтылды. Сондай-ақ, су көзін қамтамасыз ету үшін 1250 метр тереңдікте 2 дана су ұңғымасы қазылып, су сорғы станциясының имараты салынды. Барлық құрылыс жұмыстары заманауи талаптарға сай орындалып, су жүйесі ауылдың тұрғындарына үзіліссіз қызмет көрсететіндей дайындалды.

Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы жауапты мамандарға жаңа нысанды тұрақты түрде күтіп ұстауды, ауылды сапалы ауыз сумен үзіліссіз қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, тұрғындар да жаңа жүйенің іске қосылуына ерекше ризашылықтарын білдіріп, бұл жобаның ауыл өмірін түбегейлі жақсартуға бағытталған маңызды қадам екенін айтты.