МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ АРТЫП, ӘЛЕУМЕТТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҮЙЕЛІ ДАМУДА

Мақтаарал ауданында құрылыс саласы қарқынды дамып, өңір экономикасының негізгі драйверлерінің біріне айналды. Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, аудан әкімі Бақыт Асановтің тікелей бақылауымен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үймен қамту және елді мекендердің келбетін жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданда атқарылған құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 27,8 млрд теңгені құрады. Бұл жоспарланған 17,7 млрд теңгеден едәуір жоғары. Өткен жылмен салыстырғанда құрылыс көлемі 67,5 пайызға өсіп отыр (2024 жылы – 16,6 млрд теңге).

2026 жылы бұл көрсеткішті 29 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Бұл – аудандағы инвестициялық белсенділіктің артып, құрылыс секторының экономикалық өсімге нақты серпін беріп отырғанын көрсетеді.

2025 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 37 122 шаршы метрді құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 31 пайызға артты (2024 ж. – 28 419 ш.м). Жылдық жоспар толық әрі артығымен орындалды.

Фирдоуси елді мекенінде 96 пәтерлік арендалық тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда 77 пәтердің құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, инженерлік инфрақұрылымға қосылған. Қалған 19 пәтердің құрылысы 2026 жылға өтпелі. Жоба көпбалалы және әлеуметтік осал санаттағы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған.

2025 жылы Еркінабад және Нұрлы жол елді мекендерінде 200 орындық екі мектептің құрылысы аяқталып, жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілді.

Сонымен қатар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Үлгілі елді мекенінде 600 орындық және Атакент кентінде 1500 орындық заманауи білім ордалары бой көтеріп, бүгінде оқушыларды қабылдауда.

Жыл ішінде бес білім беру мекемесінде күрделі жөндеу жүргізілді. Атап айтқанда, «Мырзакент», «Мақтарал» гимназиялары мен «Жаңа жол», «Бапышев», «Сәтбаев» атындағы мектептердің ғимараттары толық жаңартылды.

Мырзакент кентіндегі Орталық саябақтың реконструкциясы 2025 жылдың қазан айында толық аяқталды. Жаңартылған демалыс аймағы тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және мәдени өмірін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты.

Сонымен қатар кентте «Жаңа буынды дамыту орталығының» құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда іргетасы қаланып, нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Ауданның мәдени әлеуетін арттыру мақсатында Достық ауылдық округінің Ж.Қалшораев елді мекенінде және Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінің Ынталы елді мекенінде мәдениет үйі мен кітапхана салынды. Үлгілі елді мекеніндегі мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті.

Қарақыр, Ырыс, Өнімкер және Көкарал ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер пайдалануға берілді. Бұл ауыл тұрғындарының алғашқы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.