Түркістан облысы, Кентау қаласының арнайы экономикалық аймағында жаңа өндіріс орны – газ қазандықтарын шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Жобаны жүзеге асыруға «TURAN Shenhua» ЖШС 2,4 млрд теңге инвестиция салған. Кәсіпорынның жалпы ауданы 2500 шаршы метрді құрайды және жыл сайын 30 мың дана газ қазандықтарын шығару қуаттылығына ие. Өндіріс орнында қазіргі таңда 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жаңа зауыт өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, экономикалық дамуға қосымша серпін беретін маңызды жоба ретінде бағаланады.
Газ қазандықтарының сұранысы нарықта жоғары, сондықтан кәсіпорын өнімдерін ішкі нарықта ғана емес, көршілес өңірлерге де жеткізу жоспарлануда. Бұл жоба өңірдің кәсіпкерлік инфрақұрылымын нығайтып, экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал етеді. Өндірістің заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі өнім сапасын жоғарылатып, өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кентау қаласында арнайы экономикалық аймақ (АЭА) және индустриалды аймақ жұмыс істейді. АЭА аумағы 35 гектарды құрап, толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Бұл аймақта қазіргі таңда 2 жоба сәтті жүзеге асырылды: «KentauRedStar» ЖШС кірпіш шығару зауыты және «Темір бетон» ЖШС темір-бетон бұйымдарын өндіретін кәсіпорын толық іске қосылған. Биыл қосымша 5 жоба іске асырылып, нәтижесінде 150 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Сонымен қатар, Кентаудағы индустриалды аймақтың жалпы ауданы 43 гектар. Бұл жерде 10 жаңа жоба жүзеге асып, 309 жаңа жұмыс орны ашу жоспарлануда. Инвесторларды тарту, өндіріс орындарын құру және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді жетілдіру бағытында жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.
Жаңа өндіріс орнының іске қосылуы облыстың экономикалық дамуы мен инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындар үшін тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл жобалар облыс тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға және өңірдің индустриалды әлеуетін кеңейтуге бағытталған.
Кентау қаласында өндіріс саласында жүзеге асып жатқан жобалар облыстың дамуына жаңа серпін беріп, Түркістанды Орталық Азиядағы инвестициялық және өндірістік орталыққа айналдыруға жол ашуда. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасып, жаңа кәсіпорындар мен жобалар іске қосылады деп күтілуде.
