КЕЛЕС АУДАНЫНДА ІРІ ӨНЕРКӘСІПТІК ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Түркістан облысы Келес ауданы Ақтөбе ауыл округінде жалпы аумағы 51 гектарды қамтитын ірі өнеркәсіптік жылыжай кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Осыған орай Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Ecoculture-Eurasia» ЖШС құрылтайшысы Алмас Дауытовты қабылдап, жобаны іске асыру барысын және алдағы жоспарларды жан-жақты талқылады.

Кездесу барысында өңір басшысы аталған жобаның агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азық-түлік қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі екені жөніндегі тапсырмалары аясында бұл бастаманың өзектілігі жоғары екені айтылды. Жоба жылына 25 мың тоннаға дейін қызанақ өнімін өндіру арқылы өңір тұрғындарын жыл бойы отандық өніммен қамтамасыз етіп, ішкі нарықты тұрақтандыруға және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Нұралхан Көшеров жергілікті тұрғындарды оқытуға, кадрлардың біліктілігін арттыруға басымдық берілгенін атап өтіп, бұл жобаның әлеуметтік жауапкершілігі жоғары әрі ұзақ мерзімді дамуға бағытталғанын жеткізді. Облыс әкімдігі тарапынан жобаны толық іске асыру үшін қажетті ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық қолдау көрсетілетіні айтылды.

Өз кезегінде «Ecoculture-Eurasia» ЖШС құрылтайшысы Алмас Дауытов жылыжай кешенін іске қосу бойынша жұмыстардың жоспарға сәйкес жүріп жатқанын баяндады. Оның айтуынша, жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, жергілікті тұрғындарды жыл бойы тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жастарды Ресей Федерациясына тәжірибе алмасуға жіберу жоспарланып отыр. Алдағы кезеңде жылыжай кешенінің аумағын кезең-кезеңімен 500 гектарға дейін ұлғайту көзделген.

Кездесу барысында облыс әкімі Келес ауданында шағын өндірістік парк құрылысы жүргізіліп жатқанын да атап өтті. Аталған паркте өнімдерді қаптау, өңдеу және консервілеу цехтарын ашуға мүмкіндік бар. Бұл логистикалық шығындарды азайтып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін бермек.

Аталған жобаны іске асыруға жалпы көлемі 42 млрд теңге инвестиция салынуда. Жылыжай толық іске қосылғанда 800 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны қаржыландыруды «Қазақстанның Даму банкі» АҚ мақұлдап, 2023 жылы 23,5 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Кешен Нидерландтан жеткізілген заманауи жабдықтармен қамтылған.

Қазіргі таңда кешеннің 40 гектар аумағында жылыжай блоктарының металл конструкциялары орнатылып, сыртқы және ішкі инженерлік желілер бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылған. Әкімшілік-тұрмыстық кешен, материалдық-өндірістік қоймалар мен бақылау-өткізу пунктінің құрылысы жүргізілуде. Қазандық пен төтенше жанар-жағармай қоймасының құрылысы аяқталған. Қазіргі уақытта 8 жылыжай блогы мен техникалық дәліз орнатылып, оның 4 блогы іске қосылған. Жобаның ресми ашылуы алдағы көктемге жоспарланып отыр.

Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысында жылыжай алаңы 75 гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 1715 гектарды құрады. Нәтижесінде өңірдің еліміздегі жылыжай саласындағы үлесі 76 пайызға жетті. 2025 жылы жылыжай кешендерінде 150 мың тоннадан астам көкөніс, 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон және 13 мың тонна құлпынай өндірілді.