КЕЛЕС АУДАНЫНДА МӘДЕНИ ДАМУ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨРЛЕУДІҢ БАСТЫ БАҒЫТЫНА АЙНАЛУДА

Келес ауданында мәдениет саласын дамыту мен тұрғындардың рухани өмірін жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл үрдіс тек мәдени өрлеудің ғана емес, әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық дамудың да маңызды бөлігіне айналып отыр. Себебі, мәдени инфрақұрылымның дамуы қоғамның өмір сапасын арттырып, жергілікті экономиканы жандандыруға мүмкіндік береді. Бүгінде Келес ауданында 8 мәдениет үйі мен 11 ауылдық клуб тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Бұл нысандар ауыл халқының бос уақытын тиімді өткізуіне, шығармашылық қабілеттерін дамытуына және қоғамдағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған. Әсіресе ауылдық аймақтарда мәдени нысандардың болуы – халықтың әлеуметтік белсенділігін арттырып, жастарды өнер мен руханиятқа баулудың тиімді тетігі болып отыр. Өткен жылы Ошақты ауылдық округіне қарасты Жиделі елді мекенінде 75 орындық жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Бұл нысан – жергілікті тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы, өнер мен шығармашылықтың ошағына айналды. Мұндай жобалар ауылдардың әлеуметтік келбетін өзгертумен қатар, жергілікті құрылыс, қызмет көрсету және шағын кәсіпкерлік салаларының дамуына да оң әсерін тигізеді. Қазіргі таңда тағы төрт елді мекенде жаңа мәдени нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, қаржыландыру тетіктері қарастырылуда. Жүзімдік ауылдық округінде жаңа мәдениет үйінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар, Алпамыс батыр, Біртілек және Ұшқын ауылдық округтерінде мәдениет үйлерін салу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастамалар жүзеге асқанда, аудан халқының мәдени өмірі жаңа деңгейге көтеріледі. Биылғы жылдың маңызды жобаларының бірі – Абай ауылында бой көтеретін аудандық мұражай. Аталған нысан үшін арнайы жер телімі бөлініп, мемлекеттік акт рәсімделген. Мұражайдың ашылуы өңірдің тарихи-мәдени мұрасын сақтауға, туристік әлеуетін арттыруға және жергілікті экономиканы әртараптандыруға зор мүмкіндік береді. Мәдени нысандардың көбеюі – тек рухани емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді. Мәдени орталықтар мен мұражайлар жергілікті туризмді дамытуға, жұмыс орындарын ашуға және қызмет көрсету секторын кеңейтуге ықпал етеді. Бұл өз кезегінде Келес ауданында экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету моделін қалыптастырып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға негіз болады. Келес өңірі бүгінде мәдени даму арқылы экономикалық өрлеуге жол ашып отыр. Құрылысы жүріп жатқан нысандар мен жоспарланған жобалар – халықтың өмір сапасын жақсартуға, мәдени мұра мен ұлттық құндылықтарды сақтауға бағытталған нақты қадамдар. Мәдениет – тек руханияттың тірегі емес, экономикалық дамудың да қозғаушы күші екенін Келес тәжірибесі айқын дәлелдеп отыр.