ИННОВАЦИЯ МЕН ИНВЕСТИЦИЯ – ТҮРКІСТАННЫҢ АГРАРЛЫҚ ӘЛЕУЕТІН ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРДІ

Түркістан облысы соңғы жылдары агроөнеркәсіп кешенін дамытуда тұрақты инвестиция тарту мен технологиялық жаңғыру саясатын табысты іске асырып келеді. Егін жинау науқанының қорытындысы бұл бағыттағы жетістіктердің нақты көрінісі болды. Биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы көлемі 907 мың гектарды құрады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға көп. Егіс құрылымы әртараптандырылып, өнім сапасы мен көлемі артып отыр. Ең бастысы – облыс аграрлық секторды дәстүрлі әдістерден инновациялық технологиялар жүйесіне кезең-кезеңімен көшіріп келеді. Су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында су үнемдеу технологиялары қарқынды енгізілуде. Тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері арқылы 114 мың гектар алқап қамтылды. Бұл – өнімділікті арттырып қана қоймай, суды екі есеге дейін үнемдеуге мүмкіндік берді. Мақта дақылының өнімділігі 1,4 есе, күріш өндірісі 2,3 есе артты. Бұл аграрлық сектордың инвестициялық тартымдылығының артуына да ықпал етті. 2025 жылы саланы несиелендіру көлемі 26,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есе көбейді. Қаржыландыру тетіктері «Аграрлық несие корпорациясы», «Оңтүстік» АИО және «Ырыс» МҚҰ сияқты институттар арқылы жүзеге асуда. Мемлекет пен жеке капиталдың әріптестігі де жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Мәселен, Жетісай ауданында «Мақталы Жер» және «Мырзакент-Агро» серіктестіктері заманауи машиналық-технологиялық станциялар ашып, жергілікті шаруаларға қолжетімді қызмет көрсетуді жолға қойды. Бұл – ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытудың тиімді үлгісі. Түркістан облысы бүгінде тек аграрлық аймақ қана емес, жаңа инвестициялық орталыққа айналып келеді. Заманауи технологиялар мен тиімді мемлекеттік қолдау саясаты нәтижесінде ауыл шаруашылығы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму драйверіне айналды. Өңірдің негізгі мақсаты – аграрлық өндірісті әртараптандыру, экспорттық әлеуетті күшейту және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс Түркістанды елдің ең ірі агроиндустриялық хабы етуге жол ашып отыр.