«ИНВЕСТ КЕРУЕН – 2026»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНВЕСТОРЛАРДЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОЛДАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысының прокуратурасы бастамасымен ұйымдастырылған «Инвест керуен – 2026» науқаны аясында инвесторлармен кездесу өткізіліп, өңірдегі инвестициялық жобаларды құқықтық сүйемелдеу және инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері кеңінен талқыланды. Іс-шараға облыс прокурорының бірінші орынбасары Келдібеков Саян Шаймұратұлы қатысып, инвесторлармен ашық диалог форматында пікір алмасты.

Кездесудің негізгі мақсаты – өңірлік және ұлттық инвестициялық пулға енгізілген жобалардың іске асырылу барысындағы құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелерді зерделеу, инвесторлар тарапынан көтерілген түйткілдерді талқылау, сондай-ақ мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімді жүзеге асырылуын құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету болды.

Жиын барысында инвесторлар өздерінің жүзеге асырылып жатқан және алдағы кезеңге жоспарланған инвестициялық жобаларын таныстырып, инфрақұрылымға қолжетімділік, жер қатынастары, рұқсат беру рәсімдері, инженерлік желілерге қосылу және мемлекеттік қолдау шараларын алу мәселелері бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді. Көтерілген мәселелер құқықтық саясатты іске асыру және инвестициялық қызметті құқықтық қамтамасыз ету бағытында жан-жақты қаралды.

Облыс прокурорының бірінші орынбасары әрбір мәселе прокуратура органдарының тұрақты бақылауында болатынын атап өтіп, инвесторлардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту және қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру бағытында заң шеңберінде тиісті қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша көтерілген мәселелер хаттамалық тәртіппен рәсімделіп, оларды шешу мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктелді. Аталған іс-шара құқықтық саясатты тиімді іске асыруға, инвестициялық жобаларды сапалы құқықтық сүйемелдеуге және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау, кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне заңсыз араласуға жол бермеу және инвестициялық ахуалды жақсарту – прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.