ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ САЯСАТ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТЫНА АЙНАЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыру, жаңа өндіріс орындарын ашу және экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Түркістан облысында инвестициялық саясат жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Өңірде қолайлы инвестициялық орта қалыптастыру, өндірістік инфрақұрылымды дамыту және ірі жобаларды тиімді сүйемелдеу нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық өсімнің тұрақты қарқыны қамтамасыз етілуде.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің үйлестіруімен инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету, өндірістік жобаларды жедел іске асыру, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру және әкімшілік кедергілерді азайту бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда. Бұл шаралар өңірдің инвестициялық әлеуетін арттырып, жаңа өндірістердің ашылуына және тұрақты жұмыс орындарының көбеюіне ықпал етуде.

Соңғы жылдары Түркістан қаласының халықаралық деңгейдегі рухани, мәдени және туристік орталық ретінде қарқынды дамуы да өңірдің инвестициялық тартымдылығын едәуір күшейтті. Нәтижесінде облыс құрылғаннан бері өңір экономикасына 7 трлн 570,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, көптеген өндірістік және әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылды.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі де тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 1 трлн 745,6 млрд теңгеге жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда 4,5 есеге артты. Салыстырмалы түрде айтқанда, 2018 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 314,1 млрд теңгені ғана құраған болатын.

Инвестициялық белсенділік биыл да жоғары деңгейде сақталуда. 2026 жылдың алғашқы бес айында Түркістан облысының экономикасына 614,2 млрд теңге инвестиция бағытталып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 150,5 пайыздық өсімге қол жеткізілді. Бұл өңірде жүргізіліп жатқан инвестициялық саясаттың тиімділігін және кәсіпкерлік үшін қалыптасқан қолайлы ортаны көрсетеді.

Шетелдік капитал тарту бағытында да облыс жоғары нәтижелерге қол жеткізіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2 млрд АҚШ долларына жуықтап, жоспарланған межеден айтарлықтай жоғары орындалды. Бұл көрсеткіш Түркістан облысының халықаралық инвесторлар үшін сенімді әрі тартымды өңірге айналып келе жатқанын айғақтайды.