ЖЕТІСАЙДА ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЗАМАНАУИ ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Әлеуметтік тұрақтылық пен тұрғындардың күнделікті қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі. Осы мақсатта Жетісай ауданында жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдарының бірлескен жүйелі жұмысы нәтижесінде жаңа жоба – жедел басқару орталығы іске қосылды. Жоба құқықбұзушылықты азайтуға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және қылмысты ашудағы тиімділікті арттыруға бағытталған.

Жаңа орталық қала, кент және ауылдық округтерде орналасқан бейнебақылау камералары арқылы жиналатын ақпаратты орталықтандырылған түрде өңдейді. Бұл құқық қорғау қызметтеріне нақты әрі жедел шешім қабылдауға мүмкіндік беретін заманауи жүйе болып табылады.

Аудан әкімдігі мен жергілікті мәслихат депутаттарының қатысуымен өткізілген танысу іс-шарасында ауданның бас полицейі Мұрат Ермеков бейнекамералардың құқықбұзушылық пен қылмысты анықтаудағы рөліне тоқталды. Ол жүйенің криминогендік ахуалды төмендетуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға және қылмысты ізін суытпай ашуға қосатын үлесін атап өтті. Сонымен қатар, көппәтерлі тұрғын үйлердің маңында бейнекамералар санын арттыру бойынша ұсыныстар айтылды.

Жедел басқару орталығы арқылы заңбұзушылық оқиғалары жедел анықталып, құқықтық бағасы беріледі. Тұрғындардың қауіпсіздік сезімі артып, қоғамдық тәртіпті сақтау белсенділігі күшейеді. Енді камералар арқылы тек ереже бұзған көлік жүргізушілері мен қылмыс жасаушы тұлғалар ғана емес, жолда жүру ережесін бұзған жаяу жүргіншілер де жауапқа тартылады.

Алдағы уақытта бейнебақылау жүйесін кеңейту, техникалық мүмкіндіктерін жетілдіру және құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру жұмыстары жалғасады. Бұл жобалар тек қоғамдық қауіпсіздікті нығайтып қана қоймай, сонымен қатар Жетісай ауданындағы инфрақұрылым мен жергілікті экономикалық дамуға серпін береді, өйткені қауіпсіздік пен тәртіп өңірдегі бизнестің, білім мен қызмет көрсету саласының дамуына тікелей әсер етеді.

Жедел басқару орталығы тұрғындардың сенімін арттырып, заманауи технологияларды қолдана отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдайтын тиімді модельге айналады.